Алматыда дәрігерлер себепсіз күлкі ұстамаларынан зардап шеккен сегіз жастағы балаға күрделі нейрохирургиялық операция жасады. Тексеру нәтижесінде баланың миынан сирек кездесетін гамартома анықталған, деп хабарлайды ult.kz.
Операция №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасында қазақстандық нейрохирургтер мен Германиядан келген маманның бірлесуімен өтті.
Дәрігерлердің мәліметінше, бала туғаннан бастап бірқатар неврологиялық бұзылыстарға шалдыққан. Оның ішінде себепсіз күлу ұстамалары, ұйқы мен сөйлеу бұзылыстары, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, бас ауруы және есінен тану жағдайлары болған.
Мамандар баланың жағдайына мидың белгілі бір бөлігінде орналасқан сирек патология – гамартома себеп болғанын анықтаған. Бұл ісік эпилепсиялық ұстамаларды қоздырған.
Бала бірнеше жыл бойы дәрігерлердің бақылауында болып, дәрі-дәрмекпен ем қабылдаған. Бұған дейін оған хирургиялық араласулар да жасалған. Алайда емге қарамастан, ұстамалар тоқтамағандықтан, тағы бір ота жасау туралы шешім қабылданған.
Операцияға Германиядағы «Шарите» университеттік клиникасының балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Ульрих-Вильгельм Томале қатысқан.
Хирургтер нейронавигация және операция кезіндегі нейромониторинг технологияларын қолданып, гамартоманы микрохирургиялық әдіспен алып тастаған. Бұл технологиялар мидың маңызды функционалдық аймақтарын зақымдамай, операцияны жоғары дәлдікпен жасауға мүмкіндік береді.
Халықаралық мастер-класс аясында мамандар барлығы бес күрделі операция жасаған. Сонымен қатар қазақстандық дәрігерлерге практикалық сабақтар өткізіліп, науқастарға консультация берілген.
Айта кетейік, іс-шара «Добровольное Общество Милосердие» қоғамдық қорының қаржылық қолдауымен ұйымдастырылған. Қазақстандық дәрігерлер балалар нейрохирургиясы мен эпилепсияны хирургиялық жолмен емдеу бағыттарын дамытуды жалғастырып жатыр.