Қазақстанда соттылығының бар-жоғы туралы анықтама алу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді құжаттарды тапсыру кезінде анықталған кемшіліктерді түзетуге бес жұмыс күні беріледі. Сондай-ақ азаматтар соттылығы туралы анықтаманы апостильмен бірге рәсімдей алады, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокурордың 2026 жылғы 2 қарашадағы бұйрығымен мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына бірқатар түзету енгізілді. Жаңа талаптар 17 қарашадан бастап күшіне енеді.
Құжат тапсыру тәртібі қалай өзгереді?
Енді Мемлекеттік корпорация қызметкері азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтерді «Электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік цифрлық жүйелерден өзі алады.
Егер қажетті ақпарат жүйеде болмаса, құжаттардың цифрлық көшірмесі жасалып, түпнұсқасы азаматқа қайтарылады. Құжаттар қабылданған күні қызмет көрсетушіге жіберіледі. Ал өтініш берушіге құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.
Құжаттарды қабылдаған күн мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне есептелмейді.
Құжаттарда қате болса, не істеу керек?
Егер өтініште немесе тапсырылған құжаттарда қателер, дәлсіздіктер анықталса не құжаттар топтамасы толық болмаса, өтініш цифрлық күту парағы арқылы қабылданады.
Бұл жағдайда азаматқа кемшіліктерді түзету үшін бес жұмыс күні беріледі. Аталған уақыт қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Егер өтініш беруші белгіленген мерзімде барлық кемшілікті түзетсе, құжаттарды алғаш тапсырған күн өтініштің қабылданған күні болып есептеледі. Ал қызмет көрсету мерзімі кемшіліктер жойылған сәттен бастап қайта жалғасады.
Егер бес жұмыс күні ішінде қателер түзетілмесе, Мемлекеттік корпорация құжаттарды қабылдаудан бас тартады.
Соттылығы туралы анықтаманы апостильмен бірге алуға болады
Тағы бір жаңашылдық – азаматтар соттылығының бар-жоғы туралы анықтаманы прокуратура, тергеу және анықтау органдарынан берілетін ресми құжаттарға апостиль қою қызметімен біріктіріп рәсімдей алады.
Бұл қызмет шетелде құжат тапсыруға қажетті азаматтар үшін маңызды. Өтінішті электрондық үкімет порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы беруге болады.
Біріктірілген қызметті рәсімдеу мерзімі – 10 жұмыс күні. Оның ішінде:
- соттылығы туралы анықтаманы дайындау – 5 жұмыс күні;
- құжатқа апостиль қою – 5 жұмыс күні.
Егер өтініш портал арқылы берілсе, азамат қызмет нәтижесі ұсынылатын шет мемлекетті және қағаз құжатты алатын Мемлекеттік корпорация филиалын таңдауы керек.
Апостиль қою үшін мемлекеттік баж төленеді. Төлемді электрондық үкімет шлюзі немесе екінші деңгейлі банктер арқылы жасауға болады.
Тағы қандай қызметтерге өзгеріс енгізілді?
Жаңа талаптар Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті көрсететін тағы үш мемлекеттік қызметке қатысты:
- прокуратура, тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою;
- комитет пен оның аумақтық органдарының архивтерінен анықтамалар және құжаттардың көшірмелерін беру;
- адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәлімет ұсыну.
Жаңа тәртіп 2026 жылғы 17 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.