Алматыда бірнеше кәсіпкер көтерме саудамен айналысатын жеткізушіге миллиондап ақша аударып, тапсырыстарын ала алмай қалған. Жәбірленушілердің алдын ала есебінше, жалпы шығын 80 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды ult.kz.
КТК арнасының мәліметінше, кәсіпкер Диляра Мендеева шілде айында жанармай құюға арналған канистрлерге тапсырыс беріп, жеткізушіге 8 миллион теңгеден астам ақша аударған. Алайда тауар әлі күнге дейін жеткізілмеген.
Тағы бір кәсіпкер интернеттегі хабарландыру арқылы 4,5 миллион теңгеге тауар алуға келіскен. Бірақ тапсырыстың жартысы ғана келген. Қалғанын жеткізу туралы уәде орындалмаған.
«Сот отырысы өтіп, біз жәбірленуші деп танылдық. Содан бері бір жыл жеті ай өтті. Бірақ ақшамызды да қайтарып алған жоқпыз, тауарды да алмадық», – деді кәсіпкер Владимир Позняков.
Жәбірленушілер бастапқыда әртүрлі компаниямен жұмыс істегенімен, кейін олардың бір адамның атына тіркелгенін анықтаған. Заңгер Ажар Аймағамбетованың айтуынша, осы компанияларға қатысты шағымдар бойынша шығын көлемі 80 миллион теңгеден асады.
Кәсіпкерлер ақшаларын қайтаруды талап етіп, компания кеңсесіне барғанымен, ғимарат жабық болған. Ал компания басшысы мәселе бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, сегіз адам арыз түсіріп, жәбірленуші деп танылған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жәбірленушілер жеткізушілерден зардап шеккен басқа да кәсіпкерлерді іздестіріп жатыр. Олардың пікірінше, нақты шығын көлемі бұдан да көп болуы мүмкін.