Өзбекстанда уланған қазақстандық балалардың барлығы елге оралды

Өзбекстанда уланған қазақстандық балалардың барлығы елге оралды
Елшіліктің баспасөз қызметі

Ташкентте өткен футбол турнирі кезінде жаппай уланып қалған қазақстандық балалардың барлығы елге оралды. Олардың денсаулығына ұзақ мерзімді зиян келгені анықталмаған, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы 9 қарашада ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жас спортшылар Өзбекстанда қажетті медициналық көмек алған. Дипломат зардап шеккен балаларға жедел көмек көрсеткен өзбек дәрігерлеріне алғыс білдірді.

«Ең бастысы, денсаулыққа ұзақ мерзімді зиян келгені анықталған жоқ. Балалар елге оралды, Құдайға шүкір, бәрі жақсы», – деді министрлік өкілі.

Еске салайық, оқиға қараша айының басында Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық балалар футбол турнирі кезінде болған. Қарағанды облысынан барған жас спортшылар қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін өздерін жайсыз сезінген. Ата-аналарының айтуынша, балалар жұмыртқа жеген соң кейбірінің дене қызуы көтеріліп, жүрегі айнып, құсқан және іші өткен.

6 қарашадағы мәлімет бойынша, Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының инфекциялық стационарына 15 бала мен 8 ересек жеткізілген. Оларға асқазан-ішек жолдарын зақымдайтын жіті инфекциялық ауру диагнозы қойылған.

Қазір Өзбекстанда санитариялық заңнаманы бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр. Тергеу нәтижесі қосымша хабарланбақ.