Алматы метросында ONAY жүйесіндегі ақауға байланысты жолаушылар кептелісі пайда болды

Алматы метросында ONAY жүйесіндегі ақауға байланысты жолаушылар кептелісі пайда болды
видеодан скриншот

Алматы метросында таңертең ONAY жүйесінде техникалық ақау болып, станцияларда ұзын-сонар кезек пайда болды, деп хабарлайды ult.kz Криминальный Казахстан telegram арнасына сілтеме жасап.

Сағат 6:30-дан 9:30-ға дейін барлық станцияда ONAY QR-кодтары арқылы жол ақысын төлеу мүмкін болмаған. Соның салдарынан турникеттер алдында жолаушылар көп жиналды.

Алматылықтар әлеуметтік желілерде метроға кіреберісте жиналған адамдардың видеоларын жариялап, кезекке байланысты көпшіліктің жұмыс пен сабаққа кешіккенін жазды.

Еске салайық, бұған дейін ONAY жүйесінде ресейлік «Золотая Корона» төлем жүйесінің компоненті қолданылатыны белгілі болып, қоғамда талқылау туындаған еді. Көлік холдингінде бұл компоненттің тек техникалық қызмет атқаратынын және жолаушылардың дербес деректері Ресей тарапына берілмейтінін мәлімдеген болатын.