Абай облысының Жарма ауданында мал ұрлығымен айналысқан сегіз адам сотталды. Тергеу барысында олардың алты қылмыс эпизодына қатысы бары анықталып, 52 бас ірі қараны ұрлағаны дәлелденді. Шаруаларға келтірілген шығын 19,8 миллион теңгеден асқан, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға 2025 жылдың қыркүйегінде Суықбұлақ ауылының маңында басталған. Сол кезде полицияға шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындардың мал жоғалғаны туралы арыздары түсе бастаған.
Тәртіп сақшылары мал ұрлығының мән-жайын анықтау үшін бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, жедел-іздестіру шараларын жүргізген. Тергеудегі маңызды айғақтардың бірі жеке тұрғын үйдің ауласында ірі қараның сойылып жатқан сәті түсірілген бейнежазба болған. Осы жазбаны зерделеу арқылы күдіктілердің ізіне түскен.
Нәтижесінде сегіз адам ұсталды. Алғашқы қылмыстарды тергеу барысында полицейлер мал ұрлығының тағы бес эпизодын анықтаған. Жалпы алты дерек бойынша 52 бас ірі қараның ұрланғаны белгілі болды.
Тергеу аяқталған соң қылмыстық іс сотқа жолданды. Жарма аудандық сотының үкімімен кінәлілер бас бостандығынан айырылды.
Полиция мал иелеріне төрт түліктің жайылымдағы қозғалысын бақылап, жоғалған жағдайда дереу «102» нөміріне хабарласуға кеңес берді.