Жамбыл облысында 300 бас қойды ұрлап, басқа өңірге алып қашпақ болған екі күдікті қолға түсті. Полицейлер ұрланған мал тиелген екі жүк көлігін тасжолда тоқтатқан, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға Байзақ ауданының Сарыбарақ ауылындағы шаруа қожалығында болған. Қожайынның жоқтығын пайдаланған күдіктілер түн ішінде қойларды көршілес қараусыз қалған қожалыққа айдап апарып, жүк көліктеріне тиеген. Малдың бір бөлігін күдіктілердің бірі өз үйіне жеткізген.
Ұрлықты ашу үшін полиция қызметкерлері оқиға орнындағы іздерді, жүк көліктерінің дөңгелек таңбаларын зерттеп, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексерген. Нәтижесінде күдіктілердің малды Түркістан облысына тасымалдамақ болғаны анықталды.
Тәртіп сақшылары тасжолда қой тиелген екі көлікті тоқтатып, ұрланған малды тәркіледі.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.