Шарын маңында заңсыз аңшылық: көліктен бес жануардың өлексесі табылды

Шарын маңында заңсыз аңшылық: көліктен бес жануардың өлексесі табылды
t.me/qazfwc

Шарын ұлттық паркінің маңында заңсыз аң аулады деген күдікпен бірнеше азамат ұсталды. Күдіктілер мінген көлікті тексеру кезінде бес жануардың ұшасы анықталған, деп хабарлайды ult.kz.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, 7 қарашада ұлттық парк инспекторлары аумақтық орман шаруашылығы инспекциясы және Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, күшейтілген рейд жүргізген.

«Шонжы – Көкпек – Алматы» автожолында тоқтатылған көлік құқық қорғау органдарының күдігін тудырған. Алдын ала дерек бойынша, көліктегі азаматтардың 6 қарашада ұлттық парктің Темірлік аумағына жақын жерде заңсыз аңшылыққа қатысы болуы мүмкін.

Тексеру барысында көліктен қарақұйрыққа ұқсас бес жануардың ұшасы табылған. Олардың нақты түрі мен жынысы сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Қазір күдіктілердің оқиғаға қатысы мен заңсыз аңшылықтың барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.