Алматыда екі күндік рейд барысында алкоголь өнімдерін лицензиясыз сатқан 17 кәсіпкер анықталды. Заңсыз айналымнан 500 литрден астам ішімдік тәркіленді, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, полиция қызметкерлері мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, қаладағы 300-ден астам сауда және ойын-сауық нысанын тексерген.
Нәтижесінде лицензиясыз алкоголь сатқан 17 кәсіпкерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша материалдар рәсімделді. Бұдан бөлек, сауда талаптарын бұзған тағы 12 кәсіпкер 200-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция мұндай рейдтердің мақсаты – алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына тосқауыл қойып, құқық бұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті.