Тоқаев Конституцияда «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» сөздері бас әріппен жазылатынын айтты

Тоқаев Конституцияда «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» сөздері бас әріппен жазылатынын айтты
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция мәтінінде «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздері бас әріппен жазылатынын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бұл – аталған ұғымдардың ел үшін айрықша маңызын білдіреді, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы ол Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында сөйлеген сөзінде айтты.

Президент Конституция мәтінін әзірлеуге өзі де тікелей қатысқанын жеткізді. Оның сөзінше, құжаттың әр сөзі мен әр бабына ерекше назар аударған.

«Конституция мәтінін жазуға өзім де тікелей атсалыстым. Әр сөзіне мұқият қарап, әр бабына ерекше назар аудардым. Мен үшін бұл – ең алдымен азаматтық парыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Конституцияны әзірлеу жұмысына кәсіби заңгерлермен бірге филология ғалымдары мен қазақ тілі мамандары да қатысқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл қазіргі қазақ тілінің әлеуеті мен мүмкіндігін көрсетеді.

«Қазақ тілі – Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы»

Президент мемлекеттік тілдің мәртебесі елдің дамуымен және халықаралық беделімен тікелей байланысты екенін айтты.

«Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес», – деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, экономикасы дамыған, технологиясы мен инновациясы озық, әлем мойындаған қуатты мемлекет қалыптастыру қазақ тілінің де дамуына ықпал етеді.

«Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат», – деп атап өтті Президент.

Оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныбында оқиды

Сондай-ақ Мемлекет басшысы білім беру саласындағы мемлекеттік тілдің қолданысына тоқталды.

Оның мәліметінше, бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде білім алып жатыр. Биыл бірінші сыныпқа барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған.

Сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім беретін бөлімдердің саны артқан.