10 қараша кешінен бастап 12 қарашаға қараған түнге дейін Алматыда бірнеше күн бойы жауын-шашын болжанып отыр, деп хабарлайды ult.kz.
«Қазгидромет» болжамына сәйкес, қаланың кейбір аудандарында нөсер жаңбыр жауып, жоғарғы бөлігінде жаңбыр соңы қарға ұласуы мүмкін. 11 қарашаға қараған түні жауын-шашын көп түседі деп болжанып отыр. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. 12 қарашаға қараған түні де жаңбыр, қар жауып, тұман түсуі ықтимал.
Коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Су басу қаупіне жедел әрекет ету үшін 85 бригада, 415 арнайы техника және 97 мотопомпа дайындалды.
Қала тұрғындары мен қонақтарына сақтық шараларын сақтау ұсынылады:
- Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көліктер арасындағы қашықтықты сақтау және су жиналуы мүмкін жерлерге көлік қоймау ескертіледі.
- Қатты жел кезінде ағаштардың астында, жарнама құрылымдары мен электр желілерінің маңында тұрмаған жөн.