Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевтың сыбайласы әрі жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожадан жауап алу жалғасып жатыр.
Сот отырысы Боқаев адвокаттарының кезекті процессуалдық олқылығымен басталды. Қорғау тарапы Нүсіпқожаға сұрақты бірінші болып мемлекеттік айыптаушылар қоюы керек деген талап айтты. Алайда прокурор Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіндегі негізгі нормаларды еске салуға мәжбүр болды: айыпталушылардан бірінші болып қорғау тарапы жауап алуы тиіс.
Жауап алу барысында Нүсіпқожа Баум тоғайындағы ағаштардың заңсыз кесілуі туралы атышулы видеороликтің қалай түсірілгенін баяндады. Мобилографтың айтуынша, Боқаев азаматтардың өтініштерін қолдан ұйымдастырып, хабарламаларды өзіне-өзі жіберіп отырған.
Нүсіпқожаның сөзінше, 2025 жылдың қазан айында кешкі уақытта Боқаев одан өзін үйіне жеткізіп салуды сұраған. Алайда әдетте алдыңғы орындыққа отыратын ол бұл жолы артқы орындыққа жайғасқан. Жолда олар кофе алуға тоқтаған.
«Біртүрлі екен, ұйықтағысы келіп тұрған сияқты еді ғой. Жарайды, мейлі», – деп еске алды Нүсіпқожа.
Боқаев кофе ішіп отырған кезде мобилографтың жұмыс телефонына белгісіз – «түсініксіз» нөмірден хабарлама келген:
«Мен осы маңда тұратын жергілікті тұрғынмын, Баум тоғайында тұрамын. Мұнда ағаштарды кесіп жатыр, келіп кете аласыздар ма?..»
Нүсіпқожа хабарламаны оқып үлгерместен, Боқаев оны дереу өзінің жеке нөміріне жіберуді бұйырған. Мобилограф бұл хабарламаның Боқаевтың өзіне тиесілі, ресми тіркелмеген екінші телефонынан жіберілгенін түсінген.
Нүсіпқожа түнгі түсірілімге барудан бас тартқанымен, Боқаев өз дегенінен қайтпаған. Сонда мобилограф әдеттегідей Боқаевтың джипіне ауысуды ұсынған. Бірақ ол көлігінің үйінің жанында тұрғанын айтып, уақыттың тығыз екенін алға тартып, Нүсіпқожаның жеке көлігімен жүруге көндірген.
Мобилограф амалсыздан келісуге мәжбүр болған. Жол бойы Боқаев бағытты өзі айтып, жүргізушіні қайта-қайта әр жаққа бұрылуға мәжбүрлеген. Бір кезде Нүсіпқожа Боқаевқа олардың осындай нұсқаулардың кесірінен Баум тоғайына апаратын қажетті бұрылыстан өтіп кеткенін ашық айтқан.
Алайда бір мезетте Боқаев Нүсіпқожаға көліктің терезесін ашуды бұйырып, қолына бір бума ақша ұстатып, жолда күтіп тұрған адамға беруді тапсырған. Мобилографтың айтуынша, оның көлігінің терезелері ешқашан бұғатталмайтын.
«Сол кезде мен таңғалдым: Санжар бұл ақшаны неге өзі бермеді екен? Ол артқы орындықта отырды, негізі, терезені өзі де аша алар еді. Менің көлігімнің терезесі ешқашан бұғатталмайды. Есікті де өзі аша алатын еді. Мені бұл іске араластырмай-ақ, мәселені өзі шеше алар еді», – деді Нүсіпқожа.
Бұл адам бұрын Боқаевтың үйінің шатырын жөндеген, сондай-ақ бұған дейін Үлкен Алматы өзені маңындағы гранит тақталарды ұрлау оқиғасының инсценировкасына қатысқан сол баяғы жалдамалы жұмысшы Ақылбек Хамракулов болып шықты.
Жұмысшыға ақшаны бергеннен кейін Нүсіпқожа Боқаевқа олардың әлі де Баум тоғайына баруы керектігін еске салған. Алайда Боқаев кенеттен тапсырманы өзгерткен. Енді оларға жақын маңда орналасқан №20 мектепті тауып, оның ғимаратын түсіру қажет екенін айтқан. Осыдан кейін олар оқу орнын іздеген болып, ауданды біраз уақыт айналсоқтап жүріп, тоғайға баруды әдейі созған.
Содан кейін Боқаев пен Нүсіпқожа Баум тоғайына келген. Мобилограф болып жатқан әрекеттердің заңдылығына күмән келтірген кезде масаң күйдегі «ҚазТрансГаз» басшысының бұрынғы кеңесшісі:
«Қорықпа, бәрі дұрыс», – деп жауап берген.
Осыдан соң Боқаев біреуді көргенін айтып, қолына қуатты шам алып, тоғайдың ішіне қарай жүгіре жөнелген. Одан кейін қалып қойған Нүсіпқожа ешкімді көрмегенін де, ешқандай дыбыс естімегенін де айтқан. Соған қарамастан, Боқаев камера алдында «мұнда біреу бар екені анық» деп табандап тұрып алған.
Нүсіпқожа берген жауапқа сәйкес, келесі күні таңертең, шамамен сағат 11:00-де олар Баум тоғайына қайта келген. Бұл жолы оларды бірнеше «жергілікті тұрғын» мен экобелсенді күтіп тұрған. Орманның ішіне қарай бет алған топ кесілген және құлатылған ағаштарды тапқан. Боқаев камера алдында «табылған» ағаштарға қатысты пікір білдіргеннен кейін операторға материалды көлікте монтаждауды тапсырған. Ал өзі белсенділермен бірге қалып, басқа ағаштарды түсіруді жалғастырған.
Көлікте отырып, ноутбукпен жұмыс істеген Нүсіпқожа түнгі уақытта жалған қудалау көрінісі түсірілген кадрларды таңертеңгі ашулы тұрғындар қатысқан материалмен асығыс біріктіріп, тұтас ролик құрастырған. Түске қарай монтаждалған «әшкерелеу» видеосы Боқаевқа тапсырылып, әлеуметтік желілерде жарияланған.
Ол тергеу кезінде Боқаевтың нұсқауымен өтірік айтқанын да мойындады. Бастапқыда ол полицияға анонимді ақпарат беруші өзіне телефон шалғанын және қорыққандығынан нөмірін жасырын қалдыруды өтінген деп айтқан еді. Кейін мобилограф Боқаевтың талабымен барлық хат-хабарды біржола өшіріп тастаған.
Мобилографтың осындай егжей-тегжейлі жауап беруге не себеп болғаны да соттың ерекше назарына түсті. Нүсіпқожа тағылған айыпты мойындап, өзін қылмыстардың ұйымдастырушысы емес, амалсыздан сыбайлас болған адам ретінде сипаттады.
Оның айтуынша, о баста Боқаев жалдаған адвокат оған ештеңе айтпауға кеңес берген. Нүсіпқожаны үнсіз қалуға үгіттеп, қаржылай көмек көрсетілетініне сендірген. Атап айтқанда, журналист Вадим Борейко қаражат жинауды ұйымдастырғаны, жиналған ақшаның Нүсіпқожаның несиелері мен пәтерінің ақысын төлеу үшін әйеліне берілгені айтылған.
Алайда бес ай өткен соң Боқаевтың достары бұдан былай ешқандай көмек болмайтынын мәлімдеген. Оның үстіне, Боқаев уәде бергеніне қарамастан, адвокат Сергей Кимнің қызмет ақысын төлемеген. Бұл Нүсіпқожа үшін соңғы тамшы болған. Бұған қоса, Боқаев мобилографқа WhatsApp-тағы барлық хат-хабарды өшіруді бұйырған. Осыдан кейін Нүсіпқожа тәуелсіз қорғаушы жалдап, шындықты айта бастаған.
Боқаев жауап алу барысында бұрынғы сыйбайласына өзі де сұрақтар қойды. Әуелі ол мобилографқа қысым көрсетілген болуы мүмкін екенін алға тартуға тырысты. Алайда Нүсіпқожа мұны үзілді-кесілді жоққа шығарды:
«Мен өтірік айтпаймын. Маған ешқандай қысым көрсетілген жоқ, ешкім балағаттаған да жоқ, ешкім қысым жасаған жоқ».
Одан кейін Боқаев мобилографтың кезінде өзінен қаржылай көмек алғанын бетіне басты. Бұған жауап ретінде Нүсіпқожа жол-көлік оқиғасынан кейін берілген 70 мың теңге бір реттік көмек болғанын еске салып:
«Сен мені заңсыз істерге араластырмауың керек еді», – деді.
Процессуалдық уәждері таусылған Боқаев енді жеке басқа қатысты кінәлауға көшіп, Нүсіпқожаны бірінші некесінен туған қызынан бас тартты деп айыптаған.
Егер Боқаев гранит тақталарды ұрлауға қатысы бар екенін үзілді-кесілді жоққа шығарса, Нүсіпқожамен әңгіме барысында бұл оқиғаның «инсценировка» болғанын ашық меңзей бастаған. Мобилограф сот залында Боқаевтың жұмысшысы Ақылбек көрінетін видеоның бірінші кадрын көрсетуді ұсынғанда, экс-кеңесшінің адвокаттары бұған бірден қарсылық білдіріп, дәлелді көрсетуге мүмкіндік бермеді.
Жауап алудың соңында Боқаев бұрынғы мобилографын «сынып қалдың» деп кінәлап, намысына тиюге тырысқан. Алайда Нүсіпқожаның жауабы бұл сөзге нақты нүкте қойды.
«Егер мен сынып қалатын болсам, Санжар, онда алғашқы айдың өзінде-ақ сынып қалар едім. Үшінші күні сенің адвокатыңнан неге бас тартқанымды өзің ойлан. Ол мені емес, сені қорғады. Өзің уәде бергеніңе қарамастан, менің адвокатымның ақысын төлемегенің соңғы тамшы болды. Сенің үш адвокатың болды, біреуін маған берсең болатын еді, бірақ сен бас тарттың. Егер сен менің адвокатымның ақысын соңына дейін төлеймін деп уәдеңде тұрғанда, мен де өзің айтқандай, сен үшін соңына дейін отырар едім», – деді Нүсіпқожа.