Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов қызметінен босатылды. Бұған дейін оның есімі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп жатқан қылмыстық іске байланысты аталған болатын. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі шенеуніктің өз өтінішімен қызметінен кеткенін растады, деп хабарлайды ult.kz.
Осыған байланысты қала әкімінің жаңа орынбасары да тағайындалды. Енді ішкі саясат, қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар салаларына Айдулат Кенжебеков жетекшілік етеді. Ол бұған дейін Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарған.
Айлулат Кенжебеков 1987 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 2008 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын сол жылы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында жоспарлау-шарт бөлімінің бас маманы міндетін атқарушы болып бастаған. Кейін осы мекемеде бас маман, бөлім басшысы және басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
2019–2022 жылдары Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары болды. Ал 2022 жылдың желтоқсанынан жаңа қызметке тағайындалғанға дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.
Еске салайық, бұған дейін ҰҚК Атырау қаласы әкімінің екі орынбасары – Мейіржан Мұқасов пен Тілек Махуовқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растаған еді.
Қыркүйек айында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин де қызметінен кеткен болатын. Кейін қала басшысы болып «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бұрынғы басшысы Данияр Таханов тағайындалды.