Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

«Қазпошта» атынан жалған хабарламалардың жаңа толқыны таралып жатыр: қазақстандықтарға ескерту жасалды

«Қазпошта» атынан жалған хабарламалардың жаңа толқыны таралып жатыр: қазақстандықтарға ескерту жасалды
ашық дереккөзден

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, хабарламалардың мемлекеттік тілде жазылуы азаматтардың оларға деген сенімін арттырады, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстанда 9 қарашадан бастап сәлемдемелерді жеткізу туралы жалған хабарламалар жаппай тарала бастаған. Алаяқтар өздерін «Қазпошта» қызметкерлері ретінде таныстырады. Хабарламалар көбіне шетелдік +212 6 12 82 15 27 нөмірінен жіберіледі.

«Алушыларға сәлемдеме жеткізілетіні туралы жалған ақпарат беріледі. Мекенжайды нақтылау қажет деген желеумен қоса тіркелген сілтемеге өтіп, жетіспейтін мәліметтерді өз бетінше толтыру ұсынылады», – деп хабарлады прокуратура.

Хабарламаны ресми етіп көрсету үшін алаяқтар сілтемеге қалай өту және жеткізу мекенжайын қалай нақтылау керектігі жөнінде нұсқаулық та қосады. Алайда сілтеме пошта қызметінің ресми сайтына ұқсатып жасалған жалған парақшаға апарады. Ондағы арнайы форма арқылы алаяқтар азаматтардың тұрғылықты мекенжайы мен басқа да жеке деректерін жинайды.

«Алаяқтық хабарламалардың мемлекеттік тілде жіберілуі ерекше қауіп төндіреді. Себебі бұл алушылардың сенімін арттырып, сақтық шараларын төмендетеді. Хабарламалар ресми-іскерлік стильде, пошта қызметінің хабарламаларына тән сөз тіркестері мен белгілерді пайдалана отырып әзірленген», – деп ескертті қадағалау органы.

Бас прокуратура қазақстандықтарға сәлемдеменің мәртебесін тек пошта қызметінің ресми арналары арқылы тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ күмәнді хабарламалардағы сілтемелер арқылы жеке немесе банк деректерін енгізбеуге шақырады.