Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан Қазақстан үшін көлік-логистика саласы экономиканың қосымша бір бағыты ғана емес, елдің халықаралық аренадағы стратегиялық маңызын арттыратын негізгі тетіктердің біріне айналып келеді. Әсіресе Қытай мен Еуропаны Каспий теңізі арқылы жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Орта дәліздің әлеуеті Қазақстанның геосаяси және экономикалық мүмкіндігін жаңа қырынан танытуда.
Орта дәліздің негізгі буындарының бірі – Ақтау және Құрық теңіз порттары. Себебі құрлықпен жеткізілген жүктер осы порттар арқылы Каспийдің арғы бетіне жөнелтіледі. Орта дәліздің Қазақстан үшін тағы бір маңызды қыры – халықаралық қатынастардағы стратегиялық салмағын күшейтуі. Қазіргі әлемде көлік жолдары тек экономикалық инфрақұрылым емес, мемлекеттердің өзара байланысын қамтамасыз ететін геосаяси құралға айналды. Кімнің аумағы арқылы халықаралық сауда өтеді, кімнің порттары мен теміржолдары негізгі бағыттарды байланыстырады, сол елдің өңірлік экономикалық үдерістердегі рөлі де арта түседі.
«Орта дәліздегі ең үлкен белгісіздік тудыратын негізгі фактор – Каспий теңізі арқылы өтетін өткел. Алят/Баку мен Ақтау/Құрық порттары арасындағы паромдар мен кемелердің өткізу мүмкіндігі шектеулі, рейстер тұрақты кесте бойынша жүрмейді, ал қолайсыз ауа райы теңіз қатынасын бірнеше күнге тоқтатуы мүмкін. Порттарда жүк жиналып, кептеліс пайда болған жағдайда, бұл мәселе бүкіл дәліз бойына тез таралады.
Цифрлық транзиттік құжаттарды енгізу және дәлізге қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту нәтижесінде шекарадан өту мен кедендік рәсімдер айтарлықтай жақсарды. Дегенмен құжаттар толық рәсімделмеген немесе нормативтік талаптар қысқа мерзімде өзгерген жағдайда, бұл бағыттарда әлі де тәуекелдер сақталады.
Маңызды фактор – геосаяси жағдай. Орта дәліздегі жүк ағыны халықаралық ахуалға байланысты кейде бірнеше күннің ішінде өзгеруі мүмкін. Еуразиядағы басқа көлік бағыттарына шектеулер енгізілген кезде жүк көлемі Орта дәлізге ауысып, онсыз да өткізу мүмкіндігі шектеулі учаскелерге түсетін жүктемені одан әрі арттырады», – дейді «Azurite Logistics» компаниясының өкілі Кристиан Хиршман.
Қазақстан осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасындағы экономикалық байланысты нығайта алады. Орта дәліздің тиімді жұмыс істеуі Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуін талап етеді. Бұл үш мемлекет бағыттың негізгі инфрақұрылымдық буындарын басқарады. Ал Түркия мен Еуропа елдерімен байланыс дәліздің батыс бағыттағы мүмкіндігін кеңейтеді.
Мұндай ынтымақтастық Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатына да сәйкес келеді. Ел бір мезгілде Қытаймен, Еуропалық одақпен, Түркиямен, Оңтүстік Кавказ мемлекеттерімен және Орталық Азиядағы көршілерімен экономикалық байланыстарын дамытуға мүдделі. Орта дәліз осы әріптестікті нақты инфрақұрылымдық және сауда жобалары арқылы тереңдетуге мүмкіндік береді.
Бұған қоса, Қазақстанның Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізін дамытуы да геосаяси мүмкіндіктер аясын кеңейтеді. Бұл бағыт Иран арқылы Парсы шығанағы елдеріне, одан әрі Үндістан мен Пәкістан нарықтарына шығуға жағдай жасайды. Осылайша, Қазақстан бір ғана бағытқа тәуелді болмай, Еуразиядағы бірнеше көлік-логистикалық жүйені байланыстыратын мемлекет ретінде қалыптаса алады.
«Жалпы, Орта дәліздің саяси маңызы оның нақты операциялық мүмкіндіктеріне қарағанда жылдамырақ артып келеді. Яғни, бұл бағыттың стратегиялық қажеттілігі қазірдің өзінде айқын болғанымен, оны толыққанды әрі тиімді көлік-логистикалық жүйеге айналдыру үшін әлі де ауқымды жұмыс атқарылуы керек.
Орта дәліздің геосаяси маңызы өте жоғары деп есептеймін. Өйткені ол Азия мен Еуропа арасындағы сауда жолдарын әртараптандыруға, бір ғана бағытқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге оның экономикалық әлеуеті де зор. Алайда бұл әлеуетті толық іске асыру дәліздің өткізу қабілетіне, инфрақұрылымның сапасына және инвестиция көлеміне тікелей байланысты.
Соңғы бес жылда Каспий теңізі жағалауындағы порттарға қомақты инвестиция салынғанын көріп отырмыз. Бұл – оң үрдіс. Ендігі міндет – салынған инвестицияның нәтижесін арттырып, порттардың, теміржолдардың және өзге де логистикалық нысандардың өзара байланысын күшейту. Сонда ғана Орта дәліз халықаралық саудадағы бәсекеге қабілетті бағыттардың біріне айнала алады», – дейді Эдинбург бизнес мектебінің докторы Асылбек Нұрғабдешов.
Қазақстанның халықаралық көлік-логистикадағы рөлін арттыруға халықаралық қаржы институттарының да қызығушылығы жоғары. Мәселен, 2026 жылғы ақпанда Дүниежүзілік банк Қазақстанның Орта дәліздегі теміржол байланысын дамыту жобасына 846 миллион доллар көлемінде кепілдік беріп, 1,41 миллиард доллар ұзақ мерзімді коммерциялық қаржыландыруды жұмылдыруға мүмкіндік жасайтынын жариялады. Жоба теміржол желісінің тиімділігі мен өткізу қабілетін арттыруға бағытталған. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетіне халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан да сенім бар екенін аңғартады.
«Бұл жоба аса маңызды инфрақұрылымдық инвестицияларды жүзеге асырумен қатар, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қаржылық тұрақтылығын нығайтуға және ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды реформаларды қолдайды. Кезең-кезеңімен инвестиция тарту, институционалдық реформалар жүргізу және жеке капиталды жұмылдыру арқылы біз Қазақстан мен тұтас өңір үшін ұзақ мерзімді экономикалық және экологиялық пайда әкелетін заманауи теміржол жүйесін қалыптастыруға үлес қосып келеміз», – деді Дүниежүзілік банктің Қазақстан және Түрікменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев.