Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Тоқаев қатысқан ҰҚШҰ саммитінде Арменияға қатысты шешім қабылданды

Тоқаев қатысқан ҰҚШҰ саммитінде Арменияға қатысты шешім қабылданды
Ақорда

Мәскеуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Саммит қорытындысы бойынша Арменияға қатысты ұйым жарғысының 25-бабын қолдану туралы шешім қабылданды. Бұл бап ұйымға жарна бойынша қарызы бар мемлекетке дауыс беру құқығын шектеуді көздейді, деп хабарлайды ult.kz news.am ақпарат порталына сілтеме жасап.

ҰҚШҰ саммитіне кімдер қатысты?

Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков қатысты.

Мемлекет басшылары Ұйымның 2026 жылы атқарған жұмысының қорытындысын талқылап, алдағы кезеңдегі басым бағыттарды айқындады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Тоқаев қандай мәселелерге назар аударды?

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей тарапының биыл ҰҚШҰ-ға нәтижелі төрағалық еткенін атап өтіп, Владимир Путинге қонақжайлығы үшін алғыс айтты.

Мемлекет басшысы халықаралық терроризммен және есірткінің заңсыз айналымымен күресте күш-жігерді біріктіру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар жасанды интеллект технологиясының ықпалы артып келе жатқанын ескеріп, ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға назар аударды.

Жиын соңында Тоқаев ҰҚШҰ-ға келесі төрағалық ететін Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды құттықтап, оған сәттілік тіледі.

Арменияға қатысты қандай шешім қабылданды?

Кремль сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, ҰҚШҰ-ға мүше елдер Арменияға қатысты ұйым жарғысының 25-бабын қолдану туралы шешім шығарған.

Аталған бап бойынша, егер мемлекет ұйым бюджетіне екі жыл бойы жарна төлемесе, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі оған қатысты шектеу енгізе алады.

Атап айтқанда, берешегі бар мемлекет квоталық лауазымдарға кандидат ұсыну және ұйым аясында дауыс беру құқығынан айырылады.

Бұл шектеулер қарыз толық өтелгенге дейін күшінде болады.

Айта кетейік, ҰҚШҰ-ға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения мүше.