Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Ғылымға бөлінген қаржы қайда кетті? Аудит 51 млрд теңгенің заңбұзушылығын анықтады

Ғылымға бөлінген қаржы қайда кетті? Аудит 51 млрд теңгенің заңбұзушылығын анықтады
ашық дереккөз

Қазақстан ғылымындағы аудит 51 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығын анықтады. Сонымен қатар 47 млрд теңге тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған, 16 млрд теңге шығын мен жіберіп алған пайда тіркелген. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған қаржының бір бөлігі ғылымға жұмсалмаған. Мәселен, Astana Hub-тағы 43 млрд теңгенің 23 млрд теңгесі бағалы қағаздарға салынса, «Самғаудың» 15 млрд теңгесінің 10 млрд теңгесі депозиттер мен РЕПО операцияларына орналастырылған. Бұл операциялардан түскен табыс 14 млрд теңгеден асқан.

Ал ғылыми жобаларды іске қосу 215 күннен 2,5 жылға дейін кешіктірілген. Бұған қоса, жалпы құны 32 млрд теңге болатын 159 жоба толыққанды мемлекеттік есептен тыс қалған.

«147 келісімшарт бойынша 9 млрд теңгеге жуық берешек анықталды. Оның 3 млрд теңгесі талап қою мерзімінің өтуіне байланысты бюджетке түспейді», – деді Әлихан Смайылов.

Аудит нәтижесінде 51 млрд теңгенің 37,7 млрд теңгесі қалпына келтірілген. Қалған қаражатты 2027 жылдың бірінші тоқсанында қайтару жоспарланып отыр.

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржановтың айтуынша, екі адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, төрт лауазымды тұлға қызметінен босатылған. Тағы 32 адамға әкімшілік жауапкершілік қаралған. Үш материал құқық қорғау органдарына жолданған.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ғылым комитетінің төрағасы, Ұлттық сараптама және ғылыми-техникалық ақпарат орталығы мен Ғылым қорының басшылары қызметінен босатылғанын хабарлады.

Аудит қорытындысы бойынша Үкіметке бес ұсыным, ал тексерілген мекемелерге 66 тапсырма берілді.