Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар тізімін жаңартатын заңға қол қойды. Құжатта ғылым, білім, мәдениет, өнер және басқа да салалардағы жетістіктері үшін азаматтарды марапаттау тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды ult.kz.
Заңға 2026 жылғы 11 қарашада қол қойылып, сол күні күшіне енді.
Қазақстанда қандай жаңа ордендер пайда болды?
Жаңартылған мемлекеттік наградалар тізіміне тарихи тұлғалардың есімі берілген жаңа ордендер енгізілді.
«Al-Farabi» ордені – білім, ғылым, мәдениет және рухани өмір саласындағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан азаматтары мен шетелдіктерге беріледі.
«Qoja Ahmet Yasaui» ордені – ағарту, мәдениет, гуманитарлық және әлеуметтік салалардың дамуына үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табысталады.
Сондай-ақ мемлекеттік медальдар қатарына «Шәмші Қалдаяқов» медалі қосылды. Оны композиторлар, дирижерлер, ән авторлары, дәстүрлі және эстрадалық музыка орындаушылары, сондай-ақ музыкалық өнердің дамуына үлес қосқан азаматтар ала алады.
Қандай жаңа құрметті атақ беріледі?
Заңда «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» деген құрметті атақ қарастырылған.
Бұл атақ суретшілерге, мүсіншілерге, кескіндемешілерге, графиктерге, зергерлерге, дизайнерлерге, реставраторлар мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне беріледі.
Сонымен қатар ғылым, техника, өнеркәсіп, құрылыс, геология, көлік, ауыл және су шаруашылығы салаларындағы құрметті атақтар тізімі де жаңартылған.
Қандай марапат иелеріне ақшалай төлем беріледі?
Заңда бірқатар құрметті атақ иелеріне мемлекеттік төлем жасау тәртібі де көрсетілген.
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған педагогтерге біржолғы төлем беріледі. Оның мөлшері «Педагог мәртебесі туралы» заңда белгіленген.
«Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын алған медицина қызметкерлеріне де біржолғы төлем қарастырылған.
«Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағының иелеріне арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Әртістер мен жазушыларға қойылатын талаптар өзгерді
«Қазақстанның халық әртісі» атағын театр, цирк, музыка және кино саласында ерекше еңбек сіңірген өнер қайраткерлері ала алады.
Алайда үміткерлер бұған дейін «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» немесе «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленуі керек.
Ал «Қазақстанның халық жазушысы» атағы отандық әдебиеттің дамуына ерекше үлес қосқан қаламгерлерге беріледі. Оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иелері мен әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары үміткер бола алады.
Ең жоғары мемлекеттік наградалар нақтыланды
Заңға сәйкес, «Алтын Қыран» ордені Қазақстан Республикасының ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі болып саналады.
Ал «Халық қаһарманы» атағы ел алдындағы ерекше еңбегі мен елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы ерлігі үшін беріледі. Бұл атаққа ие болғандарға «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордені табысталады.
Сондай-ақ заңда Қазақстанның Тұңғыш Президентіне мәртебесіне сәйкес «Халық қаһарманы» атағы тиісті наградаларымен бірге берілгені туралы норма бекітілген.
Қазақстанның Даңқ кітабына кімдердің есімі енгізіледі?
Жоғары мемлекеттік наградалар мен бірқатар ордендердің иегерлері туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының Даңқ кітабына енгізіледі.
Олардың қатарында «Отан», «Барыс» I дәрежелі, «Даңқ» I дәрежелі, «Al-Farabi» және «Qoja Ahmet Yasaui» ордендерінің иегерлері, сондай-ақ ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгілерімен марапатталған азаматтар бар.
Даңқ кітабын жүргізу, сақтау тәртібі мен оның сипаттамасын Үкімет бекітеді.