Атырауда «ҚазАвтоЖол» АҚ еншілес ұйымының бас бухгалтері 34,8 млн теңге жымқырғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратура мәліметінше, тексеру барысында «ҚАЖсервис» ЖШС филиалында ірі көлемде қаражат жымқыру дерегі анықталған.
Тергеу мәліметінше, бас бухгалтер заңсыз төлемдер есептеп, ұйымның ақшасын өзінің жеке банктік шотына аударып отырған. Осылайша, компанияға 34,8 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Атырау қаласының №2 соты айыпталушыны кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оны бес жыл мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырды.
Сот «ҚАЖсервис» ЖШС-нің материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талабын толық қанағаттандырды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.