Оралда полиция қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдаланып, тұрғынға заңсыз айыппұл салынған. Сот істі қарау барысында полиция қызметіндегі өрескел заңбұзушылықтарды анықтап, айыппұлдың күшін жойды, деп хабарлайды ult.kz.
«Мой город» басылымының мәліметінше, Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралған іс бойынша әйелдің өзіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылғанынан мүлде хабарсыз болғаны анықталды. Оған істің қаралатын уақыты мен орны да ескертілмеген. Бұған қоса, полиция қызметкерлері оның кінәсін растайтын дәлелдерді сотқа ұсына алмаған.
Істі қарау кезінде полиция инспекторы өзінің ЭЦҚ құпия кілтін басқа адамға бергенін мойындаған. Ал әлгі адам қызметкердің электрондық қолтаңбасын пайдаланып, оның атынан әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулылар рәсімдеген.
Сондай-ақ полиция соттың сұрауларына тиісті жауап бермей, құқық бұзушылық дерегін де, әйелді істі қарау үшін бөлімшеге шақырғанын да дәлелдей алмаған.
Осыған байланысты сот заңсыз салынған айыппұлдың күшін жойып, Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің басшылығына жеке қаулы шығарды.
Енді ведомство басшылығы қызметтік тексеріс жүргізіп, электрондық қаулыларды іс жүзінде кім толтырғанын, бөгде адамның полицейдің ЭЦҚ-сына қалай қол жеткізгенін және мұндай заңбұзушылыққа не себеп болғанын анықтауы тиіс.