Танымал актер Жанболат Найзабеков отбасылық өмірі туралы әңгімелеп, жұбайын қалай қуантатынын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында өзін романтик күйеу санайтынын айтып, әйеліне себепсіз гүл сыйлағанды ұнататынын жеткізді. Әсіресе жұбайының гүл алған сәттегі қуанышын көру актерге ерекше әсер сыйлайды екен.
"Мен зор күйеумін. Мен романтикпін. Себепсіз гүл сыйлағанды жақсы көремін. Өйткені әйелімнің гүлге қарайтыны ұнайды. Ой, қайшысын алып, артық жерін кесіп, баптайды. Гүлді керемет күтеді. Маған сол эмоциясы ұнайды. Мәз болып қалады", – деді актер.
Жанболат Найзабеков бес бала тәрбиелеп отырған отбасында күнделікті күйбең тіршілік пен шаршаудың болатынын жасырмады. Оның сөзінше, кейде жұбайының көңілін көтеріп, үй ішіне қуаныш сыйлау үшін бір шоқ гүлдің өзі жеткілікті.
"Үйде бес бала бар, стресс болады. Бір букетпен кіріп барасың, бәрі басқаша ғой. Мен келіншегімді қуантқанды жақсы көремін. Үйімнің берекесі, балаларымның анасы, ата-анамның келіні. Шүкір, осындай жарды берген", – деді ол.
Актер қайын жұртына да ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, қайын атасы – жыршы әрі термеші. Ал жұбайының өзі де өнерден алыс емес, актерлік мамандық бойынша білім алған.
"Ата-енем де өте керемет жандар. Атам – жыршы, термеші. Келіншегім де құр адам емес, актерлікті бітірген", – деп толықтырды Жанболат Найзабеков.
Актердің жарына деген ықыласын ашық білдіргені желі қолданушыларының көңілінен шықты. Көпшілік өнер иесінің отбасына деген құрметін жоғары бағалап, ерлі-зайыптыларға бақыт пен татулық тіледі.