Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова "Көреміз" ток-шоуында жеке өміріндегі қиын кезеңдерді еске алып, бұрынғы күйеуімен неліктен ажырасқанын сөз етті, деп хабарлайды ult.kz.

Бағдарлама барысында әншінің бала күннен бірге өскен құрбысы Әсеткүл Сәриева оның көпшілік біле бермейтін тағдыры туралы әңгімеледі. Ол Бағдат Сәмединованың екі қызын жалғыз өсіріп, талай қиындықты бастан өткергенін айтты.
"Қазіргі өмірін айтып күліп отырмыз. Бірақ Бағдаттың отырған отырысында қаншама қиыншылықтар басынан өтті. Өмірі қиын болды. Бірақ соның бәріне төзе білді. Тіпті концертке киіп шығатын киім таппаған кезі де болды. Тістеп жүріп екі қызды бағып, ештеңеден кем қылмай өсірді", – деді Әсеткүл Сәриева.
Құрбысының сөзін жалғаған әнші қыздары мектепте оқып жүрген кезде отбасының бар ауыртпалығы өз мойнына түскенін жеткізді. Оның айтуынша, сол жылдары бұрынғы күйеуінен ешқандай қолдау көрмеген.
"Балаларға өзім анамын, өзім әкемін. Бұл нәрсе балалар мектеп оқып жүрген кезде болды. Бұрынғы жолдасымнан қолдау да болған жоқ. Қайта оны мен жетектеп жүрдім", – деді өнер иесі.

Соған қарамастан, әнші қыздарының әкесімен араласуына қарсы болмаған. Қазір бұрынғы күйеуі мен қыздары бір-бірімен хабарласып, сөйлесіп тұрады екен.
"Қазір ол кісі бар. Қыздармен сөйлесіп тұрады. Әкесі ғой енді. Өздері хабарласады бір-бірімен. Маған ол жағын айта бермейді", – деді Бағдат Сәмединова.
Әңгіме барысында жүргізуші әншіден бұрынғы жарының сатқындығын кешіре алған-алмағанын сұрады. Бұл сауалға өнер иесі өткен өміріндегі өкпе-реніштің әлі де ұмытылмағанын аңғартты.
"Кешірмегендіктен осындай болып отырмыз ғой. Қалай кешіресің? Көп нәрсені айтпай-ақ қояйыншы. Ол өткен нәрсе", – деп жауап берді әнші.
Осылайша, Бағдат Сәмединова бұрынғы отбасылық өміріне қатысты көп жайтты ашып айтқысы келмейтінін білдірді. Қанша қиындық көрсе де, екі қызын қатарынан кем қылмай өсірген әнші бүгінде өткен өмірінің кейбір естеліктерін қозғамауды жөн көреді.
Бағдат Сәмединова кім?
Бағдат Сәмединова – қазақ эстрадасының белгілі әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі. Ол 1954 жылы 5 ақпанда Жамбыл облысының Меркі ауданында дүниеге келген.
1975 жылы Алматыдағы Республикалық эстрада өнері студиясын тәмамдап, кейін әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған. Өнер жолын "Қазақконцерт" ұйымында жалғастырып, ұзақ жылдар бойы қазақ ән өнерінің дамуына үлес қосқан.
1985 жылы республикалық "Жігер" фестивалінің лауреаты атанып, Қырғызстанда өткен А. Малдыбаев атындағы халықаралық өнер байқауында жеңіске жеткен. Сондай-ақ "Сазген" ансамблінің құрамында Италиядағы фольклорлық фестивальдің бас жүлдесін иеленген.
Өнердегі еңбегі үшін 1995 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алып, 2011 жылы "Құрмет", 2021 жылы "Парасат" ордендерімен марапатталған.