Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Ақан Сатаевтың "Күлпәш" фильмінің премьерасы кейінге шегерілді

Ақан Сатаевтың "Күлпәш" фильмінің премьерасы кейінге шегерілді
Фото-коллаж: ult.kz

Белгілі режиссер Ақан Сатаевтың қазақ халқының ашаршылық жылдарындағы қасіретті тағдырын бейнелейтін "Күлпәш" фильмінің тұсаукесері кейінге шегерілді. Бұл туралы SATAIFILM киностудиясы мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Бастапқы жоспар бойынша, картинаның алғашқы көрсетілімі 10 қарашада Алматыдағы Forum сауда орталығында орналасқан кинотеатрда өтуі керек еді. Ал 11 қарашадан бастап туындыны еліміздің барлық кинотеатрларында көрсету көзделген болатын. Алайда көптен күткен премьераға санаулы сағат қалғанда оның өтпейтіні хабарланды.

Киностудия өкілдері мұндай шешімнің қабылдануына қажетті рәсімдердің әлі толық аяқталмауы себеп болғанын түсіндірді. Дегенмен нақты қандай құжаттар немесе талаптар туралы сөз болып отырғанын ашып айтпады.

"Барлық қажетті рәсімді аяқтау үшін бізге қосымша уақыт қажет. Осы маңызды кешті бізбен бірге өткізуге ниеттенген жандардан кешірім сұраймыз. Түсіністік танытып, қолдау білдіргендеріңізге алғыс айтамыз. Әзірге премьера мен прокатты шамамен бір аптаға шегеруді жоспарлап отырмыз", – делінген киностудияның хабарламасында.

Осылайша, фильмнің тұсаукесері де, кинотеатрлардағы көрсетілімі де уақытша тоқтатылды. Жаңа күн әзірге белгіленген жоқ. Ұйымдастырушылар нақты мерзімді кейінірек жариялауға уәде берді.

Фильм не туралы?

"Күлпәш" фильмі – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, саяси қуғын-сүргін құрбаны Бейімбет Майлиннің аттас шығармасы бойынша түсірілген тарихи туынды. Картинада ашаршылық жылдарында күнкөрістен тарыққан қазақ отбасының ауыр тағдыры суреттеледі. Басты кейіпкер Күлпәш күйеуі мен кішкентай ұлын аштықтан аман алып қалуға тырысады. Алайда жоқшылық әбден қажытқан отбасы күн өткен сайын тығырыққа тіреле түседі. Үй ішін асырауға шамасы жетпеген күйеуі біртіндеп үмітін үзсе, Күлпәш баласының өмірін сақтап қалу үшін жанын қинайтын ауыр шешім қабылдауға мәжбүр болады. Фильмде ананың перзентіне деген шексіз махаббаты, отбасы үшін тартқан азабы және ашаршылықтың адам өміріне салған өшпес жарасы көрсетіледі.

Тарихи туындыдағы басты рөлдерді Гүлмира Хасанова, Еркебұлан Дайыров, Байкенже Белбаев және басқа да актерлер сомдаған.

Киностудияның ресми хабарламасынан кейін желі қолданушылары түрлі пікір білдірді. Бірі шығармашылық ұжымға қолдау көрсетіп, фильмнің жарыққа шығуын асыға күтетінін жазса, енді бірі премьераның аяқастынан кейінге қалуына нақты не себеп болғанын білгісі келді.

Әзірге киностудия қосымша рәсімдерді аяқтау қажеттігінен басқа түсініктеме берген жоқ. Сондықтан фильм көрсетілімінің шегерілуіне қатысты өзге болжамдар ресми түрде расталмаған.