Қазақстан әлемде ажырасу көрсеткіші бойынша Мальдив аралдарынан кейін екінші орында тұр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Ресми статистикаға сәйкес, еліміздегі ажырасу деңгейі бұған дейін айтылған көрсеткіштен екі есе төмен. Бұл туралы Energyprom.kz зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды ult.kz.
Жалған рейтинг қайдан шыққан?
Қазақстан екінші орында деген ақпарат алғаш рет 2023 жылдың ақпанында Норвегияның Advokatsmart заң фирмасы жариялаған шолуда пайда болған. Кейін бұл мәліметті америкалық Petrelli Previtera заң фирмасы мен World Population Review сайты да таратқан.
Алайда Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы бұл деректердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеп, World Population Review сайтына ресми хат жолдаған.
Қазақстанда ажырасу саны қанша?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше:
- 2023 жылы – 40,2 мың ажырасу тіркелген;
- 2025 жылы – 45,7 мың неке бұзылған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 12,7%-ға көп;
- 2026 жылдың алғашқы алты айында – 22,5 мың ажырасу тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға жоғары.
Қазақстан әлемдік рейтингте нешінші орында?
Зерттеу авторлары елдерді салыстыру кезінде халықтың жас ерекшелігін ескерген. Себебі жалпы ажырасу коэффициентін есептегенде балалар да халық санына қосылады.
Сондықтан 66 ел бойынша ажырасу саны 15 жастан асқан әр 1000 адамға шаққанда есептелген. Нәтижесінде Қазақстан 2,9 көрсеткішімен 14-орынға жайғасқан.
Ажырасу деңгейі ең жоғары елдер:
- Ресей – 5,8;
- Молдова – 4,9;
- Грузия – 4,7;
- Беларусь – 4,4.
Ал Германияда бұл көрсеткіш 1,8, Италияда 1,5 болған.
Некедегі әйелдер санына шаққанда қандай көрсеткіш шығады?
Зерттеуде тағы бір көрсеткіш қарастырылған. Ол – әр 1000 некедегі әйелге шаққандағы ажырасу саны.
2023 жылы Қазақстанда бұл көрсеткіш 10,8 болған. Салыстыру үшін:
- Ресей – 21,1;
- Латвия – 15,3;
- АҚШ – 14,4;
- Швеция – 12,7;
- Финляндия – 11,9;
- Германия – 7,3;
- Жапония – 6,1.
Осы есеп бойынша Қазақстанның көрсеткіші Солтүстік Еуропа мен Балтық жағалауы елдерінің деңгейіне жақын.
Қай өңірлерде ажырасу көп?
2025 жылғы мәлімет бойынша, 15 жастан асқан әр 1000 адамға шаққандағы ажырасу көрсеткіші өңірлер арасында әртүрлі болған.
Ең жоғары көрсеткіш:
- Қарағанды облысы – 4,4;
- Павлодар облысы – 4,4;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 4,1.
Ең төмен көрсеткіш:
- Түркістан облысы – 1,6;
- Алматы облысы – 2,3;
- Шымкент – 2,7.
Ал ажырасудың абсолюттік саны бойынша Алматы (5 мың) мен Астана (4,2 мың) алдыңғы орында.
Ресми статистика нені қамтымайды?
Айта кетейік, ресми есепке тек АХАТ органдарында тіркелген некелер мен заңды түрде бұзылған некелер кіреді.
2021 жылғы халық санағы бойынша, Қазақстанда 460 мың әйел ресми тіркелмеген некеде тұрған. Мұндай отбасылардың ажырасуы ресми статистикада көрсетілмейді.
Осылайша, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында емес. 66 елді қамтыған салыстыруда 14-орында тұр.