Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда кімдер жұмыссыз жүр? Статистика жарияланды

Қазақстанда кімдер жұмыссыз жүр? Статистика жарияланды
ашық дереккөз

Қазақстанда 2026 жылдың үшінші тоқсанында жұмыссыздар саны 445,6 мың адамға жетті. Жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады. Бұл туралы Ult.kz LS-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Статистикаға сәйкес, жұмыссыз қалғандардың 126,8 мыңы өз еркімен жұмыстан кеткен. Тағы 52,3 мың адам штат қысқаруы немесе ұйымдардың жабылуы салдарынан жұмысынан айырылған. Ал 23,1 мың адамның еңбек шартының мерзімі аяқталған.

Сонымен қатар 87,2 мың қазақстандық жұмысқа орналасуға мүмкіндік жоқ екенін көрсеткен. 65,7 мың адам отбасылық немесе жеке жағдайына байланысты жұмыс істемейді. Тағы 42,1 мың адам үй шаруашылығымен айналысады.

Жұмыссыздықтың басқа себептері қатарында кәсіпкерлік қызметтің тоқтауы (10,4 мың адам), жұмыстың маусымдық сипаты (9,6 мың) және денсаулық жағдайы (7,9 мың) бар.

Жұмыссыздар арасында әйелдер көп

Жұмыссыздардың басым бөлігі – әйелдер. Олардың саны 245,4 мың болса, ерлер арасында бұл көрсеткіш 200,2 мың адамды құраған.

Әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызға жетсе, ерлерде 3,9 пайыз болған.

Жас ерекшелігі бойынша жұмыссыздардың ең көбі 35-44 жас аралығындағылар. Бұл санатта 143,3 мың адам бар. Одан кейін 55-64 жастағы азаматтар (96,7 мың) және 45-54 жастағылар (93,9 мың) тұр.

Ал жұмыссыздық деңгейі ең жоғары жас тобы – 55-64 жастағы азаматтар. Олардың арасындағы көрсеткіш 8,6 пайызға жеткен. Салыстыру үшін, 29-34 жастағылар арасында бұл көрсеткіш 2,6 пайыз, ал 16-24 жастағы жастар арасында 3,2 пайыз болған.

Білім деңгейі де жұмысқа орналасу көрсеткішіне әсер етеді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар азаматтар арасында жұмыссыздық деңгейі 3,3 пайызды құраса, жалпы орта білімі барларда 10,4 пайыз, бастауыш білімі барларда 14 пайыз болған.

Қазақстандықтар жұмыс іздеуге қанша уақыт жұмсайды?

Жұмыссыздардың 91,3 мыңы бір айға жетпейтін уақыт жұмыс іздеп жүр. 145,9 мың адам қолайлы жұмыс орнын табуға бір айдан үш айға дейін уақыт жұмсаған. Ал 93,6 мың қазақстандық үш айдан алты айға дейін жұмыс іздеген.

84,7 мың адамның жұмыс іздеу мерзімі алты айдан бір жылға дейін созылған. Тағы 30 мың адам бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс таба алмай жүр.

Бұдан бөлек, жұмыссыздардың 119,6 мыңының бұрын еңбек өтілі болмаған.

Жалпы 2026 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстан экономикасында 9,4 млн адам жұмыспен қамтылған. Оның 7,2 миллионы жалдамалы жұмысшы болса, 2,2 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар.

Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 73,3 мың адамға артқан. Оның ішінде жалдамалы жұмысшылар саны 92,3 мың адамға көбейген.