Қазақстандық студенттер дипломдық және ғылыми жұмыстарды жазу кезінде жасанды интеллектіні пайдалана алады. Алайда ЖИ студенттің өз ойын, талдауы мен қорытындысын алмастырмауы керек. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Министрдің айтуынша, жасанды интеллектіні студенттік және ғылыми жұмыстарда белгілі бір талаптарды сақтай отырып қолдануға рұқсат етіледі.
«Біріншіден, студент немесе зерттеуші өз қорытындысын жасауы тиіс аналитикалық бөлімдерді, тұжырымдар мен қорытындыларды жазу кезінде алгоритмдерді қолдануға болмайды. Екіншіден, жасанды интеллект немесе алгоритмдердің нәтижелерін пайдаланған жағдайда міндетті түрде оған сілтеме жасау қажет. Яғни, белгілі бір бөлімді қандай алгоритмнің көмегімен дайындағанын, оның деректерді қалай өңдеп, қандай нәтиже бергенін көрсету керек», – деді министр.
Сондай-ақ студенттік жұмыстарда жасанды интеллектіні қолданудың рұқсат етілген көлемін әр жоғары оқу орны өз бетінше белгілейді.
Саясат Нұрбектің сөзінше, бүгінде әлем елдерінің білім беру жүйелері жасанды интеллектіні қолдану мен студенттердің дербес жұмыс істеуі арасындағы тепе-теңдікті іздеп жатыр.
Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі тест әзірлеу саласындағы халықаралық компаниялардың бірі ETS-пен бірлесіп, тестілеудің жаңа форматын дайындап жатыр.
Жаңа тест білім деңгейімен қатар, логикалық ойлауды, ойлау жүйесінің құрылымын, цифрлық сауаттылықты және жеке тұлғаның кейбір қасиеттерін бағалауға мүмкіндік береді. Министрдің айтуынша, тестілеудің жаңа форматын келесі жылы пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр.