Барлық заманда халықты біріктірудің басты құралдарының бірі тіл болған және солай болып қала береді. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «ВАЙНАХ» шешендер мен ингуштар республикалық этномәдени бірлестігі қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің тең төрағасы Ахмет Мұрадов айтты. Оның сөзінше еліміздегі өзге этнос өкілдері Қазақстан халқының ажырамас бөлігі.
«Түрлі тарихи себептерге байланысты тағдырымыз қазақ жерімен байланысып, бұл мекен біз үшін Отанға айналды.
Сонымен бірге белгілі бір тарихи кезеңде қазақ халқының өз тарихи отанында азшылыққа айналғанын да ұмытпауымыз керек. Бұған қуғын-сүргін, депортация, көші-қон және басқа да қайғылы тарихи үдерістер себеп болды.
1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы және 1991 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіздіктің жариялануы Қазақстанның бүкіл халқы үшін тарихи оқиға болды. Бұл шешімдер тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстанды өз Отаны санайтын әрбір азаматтың игілігі үшін қабылданды. Сонымен бірге қазақ халқы үшін тәуелсіздік тарихи әділеттіліктің салтанат құруын, өзін-өзі билеу құқығының жүзеге асуын және ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін, ең алдымен, ана тілін жаңғыртуға мүмкіндік берді.
Сондықтан қазақ тілін дамыту мәселесін тек тіл саясаты аясында ғана емес, қазақстандық бірегейлікті нығайту мен патриотизмді тәрбиелеудің аса маңызды факторы ретінде қарастыру қажет», – деді Ахмет Мұрадов.
Айта кетейік, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының X құрылтайында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік тілді ұлт бірлігінің мызғымас тұғыры екенін айтқан болатын. Ол өз сөзінде қазақ тілін өте жақсы деңгейде меңгерген өзге ұлт өкілдерін айрықша атап өткен.
«Олардың арасында қазақ тілін үйретумен айналысатын білікті мамандар бар. Әлеуметтік желі арқылы тілімізді дәріптеп жүрген азаматтар да аз емес. Мұндай адамдар тіліміздің дамуына үн қосып, оның жарқын келешегін нақты іспен жасап жатыр. Солардың еңбегін біз сыйластықпен, ризашылықпен қабылдауымыз керек», – деген болатын Президент.