2026 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,5% болды. Бұл кезеңде ел экономикасының түрлі саласында 9,4 млн адам еңбек еткен, деп хабарлайды ult.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, аталған кезеңде елдегі жұмыс күшінің саны 9 млн 849 мың адамға жеткен. Оның ішінде 9 млн 403,4 мың адам жұмыспен қамтылған.
Жұмыс істейтіндердің 7 млн 247,7 мыңы немесе 77,1%-ы – жалдамалы қызметкерлер. Ал 2 млн 155,7 адам (22,9%) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 15 жастан асқан халық арасындағы жұмыспен қамту деңгейі 64,3%-ды құрады.
Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 73,3 мың адамға артқан. Өсім негізінен жалдамалы қызметкерлер есебінен тіркелген.
Қай салада жұмыс істейтіндер көп?
Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі мына салаларда еңбек етеді:
- сауда – 16,8%;
- білім беру – 13,3%;
- өнеркәсіп – 12,6%;
- ауыл шаруашылығы – 10,5%.
Ал жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастардың (NEET) үлесі 5,6%-ды құрады. 15-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 2,9%.
Министрліктің жұмыспен қамту органдарында 2026 жылғы қыркүйектің соңында 346,9 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Бұл жұмыс күшінің 3,5%-ына тең.