Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Nvidia басшысы Дженсен Хуанг қызметінен кетуі мүмкін: компанияда жеке өміріне қатысты дау шықты

Nvidia басшысы Дженсен Хуанг қызметінен кетуі мүмкін: компанияда жеке өміріне қатысты дау шықты
ашық дереккөз

Nvidia директорлар кеңесі компанияның негізін қалаушылардың бірі әрі 1993 жылдан бері басқарып келе жатқан 63 жастағы Дженсен Хуангтың болашағын талқылауға дайындалып жатыр. Бұл туралы The Wall Street Journal дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Хуанг 33 жыл ішінде Nvidia-ны видеокарта өндірушісінен жасанды интеллект индустриясының көшбасшыларының біріне айналдырды. Қазір компанияның нарықтық құны 4 триллион доллардан асады. Алайда оның басшылық қызметі жеке өміріне қатысты жанжалдан кейін қауіпке ұшырады.

The New York Times басылымы Хуангтың компаниядағы тағы бір жоғары лауазымды қызметкермен некеден тыс қарым-қатынаста болғаны туралы жазды. Әңгіме Nvidia-ның денсаулық сақтау бағытына жауапты вице-президенті Кимберли Пауэлл туралы болып отыр. Ол тікелей Хуангқа бағынышты болған. Журналистер компанияда жұмыс істеген бес адаммен сөйлесіп, бұл ақпаратты растағанын мәлімдеді.

Жанжал қазан айында басталған. Сол кезде NYT Хуангтың бұрын Сингапурдың Megaspeed компаниясында басшылық қызмет атқарған Элис Хуанг есімді қытайлық әйелмен байланысы болуы мүмкін екенін жазған. Бұл компания Nvidia-дан озық чиптер сатып алған. Ал АҚШ билігі оны экспорттық шектеулерді айналып өтіп, технологияларды Қытайға жеткізуге көмектесті деп күдіктенген.

Басылым деректеріне сәйкес, америкалық барлау қызметтері Элистің Бейжіңге ақпарат жеткізгенін анықтаған. Осыдан кейін Хуангтың шетелдік арнайы қызметтердің ықпалына түсуі мүмкін деген күдік те пайда болған.

8 қарашада Дженсен Хуанг әйеліне опасыздық жасағанын мойындап, жұбайынан, балаларынан және компания қызметкерлерінен көпшілік алдында кешірім сұрады. Nvidia директорлар кеңесі бұл жағдайға байланысты тәуелсіз тергеу бастады. Оқиғаға ФБР де қызығушылық танытқан.

Сонымен қатар компания акционерлері Nvidia-ға қарсы сотқа шағым түсірді. Жанжал аясында компанияның нарықтық құны жүздеген миллиард долларға төмендеп, акциялары құлдырады.

Ал Хуангтың қызметінен кетуі мүмкін екені туралы ақпарат тарағаннан кейін Nvidia акциялары биржадан тыс саудада тағы шамамен 8 пайызға арзандаған.