Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Балалар емделу үшін басқа қалаға бармайды: бес жаңа аурухана салынады

Балалар емделу үшін басқа қалаға бармайды: бес жаңа аурухана салынады
Baq.kz

Қазақстанның бес қаласында әрқайсысы 200 төсекке арналған заманауи балалар ауруханасы салынады. Медициналық мекемелер Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент және Қаскелең қалаларында бой көтереді. Жобаларға сәйкес, балалар өз өңірінде мамандандырылған медициналық көмек ала алады, деп хабарлайды ult.kz.

Ауруханалардың құрылысы мәселесі Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Муратовтың Азия даму банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі өкілдерімен кездесуінде талқыланды.

Вице-министрдің айтуынша, негізгі мақсат – балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне жағдай жасау. Жаңа ауруханалар өңірлердегі балалар медицинасының мүмкіндіктерін кеңейтпек.

Алматыда тағы бір ірі госпиталь салынуы мүмкін

Бұдан бөлек, Алматы қаласында 500 төсектік республикалық ғылыми балалар госпиталін салу мәселесі қарастырылып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жоба бойынша да халықаралық қаржы ұйымдарымен әріптестік орнату мүмкіндіктерін пысықтауда.

Қазір министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жобалық құжаттаманы әзірлеу және қаржыландыру тетіктерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Кездесу барысында Қазақстандағы медициналық көмекті жоспарлау мен ұйымдастыру жүйесін жетілдіруге бағытталған HOPE техникалық көмек жобасы да талқыланды.

Тараптар инвестициялық бағдарламаны дайындау және оны іске асырудың келесі кезеңдері бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. Жобалар балаларға тұрғылықты өңірінде заманауи медициналық көмек көрсету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.