Павлодар облысында танысын қатыгездікпен өлтіріп, қылмыс ізін жасыру үшін мәйітін өртеген ер адамға сот үкімі шықты. Ақсу қаласында болған ауыр қылмысқа айыпты деп танылған азамат 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
КТК арнасының мәліметінше, оқиға биыл сәуір айында Ақсу қаласында болған. Теміржол желісіне жақын орналасқан жылу трассасының маңынан жас әйелдің жартылай өртенген денесі табылған. Құқық қорғау органдары көп ұзамай күдіктіні анықтап, ұстады. Ол марқұмның танысы болып шыққан.
Тергеу материалдарына сүйенсек, қайғылы оқиғаға таныстар арасындағы жанжал себеп болған. Сотта ер адам әйелдің анасына тіл тигізгенін айтып, онымен сөзге келгенін жеткізген. Алайда жанжал соңы ауыр қылмысқа ұласқан. Ол әйелдің бетінен жұдырықпен ұрып, жерге құлаған соң тепкілеген. Жәбірленушінің қайтыс болғанына көзі жеткеннен кейін үйіне барып, солярка алып келіп, мәйітті өртеген.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған. Дегенмен тергеу барысында жиналған дәлелдер оның қылмысқа қатысын толық растаған.
Судья Жанна Нығыбаеваның айтуынша, іс бойынша ұсынылған айғақтар бір-бірінен тәуелсіз дереккөздерден алынған. Оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерінің бейнежазбалары да бар. Жазбаларда сотталушының жедел уәкілдермен әңгімелесу кезінде бұған дейін берген жауаптарындағы мәліметтерді қайталағаны тіркелген.
Еске салайық, көктемде Ақсу маңынан табылған әйелдің өртенген денесі түсірілген видео әлеуметтік желілерде тараған еді. Сол кезде марқұмның денесі облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындарының бірінен шамамен үш шақырым жерден табылғаны хабарланған болатын.