Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырыстары жалғасып жатыр. Кезекті отырыста сот жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеумен айналысқан мердігер ұйымның директорын, Баум тоғайындағы инсценировкаға дайындыққа қатысты куәгерді, сондай-ақ алаяқтық эпизоды бойынша компанияның бұрынғы менеджерін тыңдады.
«IZI Company KZ» ЖШС директорының соттағы жауабы Алматыдағы жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеу жұмыстарына қатысты жалған бейнематериалдың жариялануы қандай салдарға әкеліп соқанын көрсетті. Куәгердің айтуынша, 2025 жылдың шілдесінде оның компаниясы 12 фирма қатысқан ашық конкурста жеңіске жеткен. Нәтижесінде Бостандық ауданындағы 10 нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін жалпы сомасы шамамен 953 миллион теңгені құрайтын келісімшарттар жасалған.
Мемлекеттік сатып алу туралы ақпарат ашық болғанына қарамастан, Боқаев өзінің видеосында бір миллиард теңгеге жуық қаражат небәрі екі өткелді жөндеуге бөлінгенін мәлімдеген. Сотта жауап берген мердігер компанияның басшысы бұл жарияланымның кәсіпорын жұмысына тигізген кері әсерін алға тартты.
«Боқаевтың жалған видеосы компанияның жұмысына кері әсер етіп, құрылыс тоқтап, түрлі тексерулер басталды. Шын мәнінде бес жерасты және бес жерүсті өткелі болғанына қарамастан, аталған видеода Боқаев қаражат бір ғана жерасты өткеліне бөлінгенін айтты», – деді ол.
Куәгердің сөзінше, жарияланымнан кейін туындаған қоғамдық резонанс мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы мен техникалық қадағалау органдары тарапынан көптеген тексерудің жүргізілуіне себеп болған. Жұмыстардың мәжбүрлі түрде тоқтатылуына байланысты компанияны лицензиясынан айыру мәселесі де қарастырылған.
Соның салдарынан жөндеу жұмыстарын аяқтаудың бастапқы мерзімі – 2025 жылғы 31 желтоқсан кейінге шегеріліп, нысандарды тапсыру уақыты 2026 жылдың наурызына ауыстырылған. Жұмыстардың кешігуі төлемдердің уақытында жүргізілмеуіне байланысты тапсырыс берушімен арада сот дауларының туындауына әкелген.
ЖШС директоры жөндеу құнының жасырын түрде қымбаттағаны туралы қауесетті де жоққа шығарды. Оның айтуынша, келісімшарттардың бастапқы сомалары өзгерген жоқ, оларға қосымша келісімдер арқылы түзетулер де енгізілмеген.
Сондай-ақ, куәгер жөндеу жұмыстарының техникалық тұрғыдан қажетті болғанын түсіндірді. Ескі қаптама бөлшектелгеннен кейін жұмысшылар өткел конструкцияларындағы жасырын ақаулар мен арматураның тот басқанын анықтаған. Бұл кемшіліктер жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне тікелей қатер төндірген.
Сот отырысында Боқаевтың Баум тоғайындағы ағаштарды кесуге дайындық барысына қатысты да жаңа деректер айтылды. Айданғали есімді куәгердің мәлімдеуінше, ол 2025 жылғы 24 қазанда «Успех» ломбардынан құны 20 мың теңге болатын бензинмин жұмыс істейтін ара сатып алынған. Дәл осы құрал кейін тоғайдағы ағаштарды кесу үшін пайдаланылған.
Бұдан бөлек, алаяқтық эпизоды бойынша сот отырысына мәжбүрлі түрде жеткізілген Календерова есімді куәгер де жауап берді. Ол 2018 жылы Жұлдыз Артықбаеваның жетекшілігімен «We Can» ЖШС-де менеджер болып жұмыс істегенін түсіндірді. Оның міндетіне «Еуропа–Қытай» газбен жүретін техника халықаралық автошеруге қатысушылардың тұруы мен тамақтануын ұйымдастыру кірген.