Атырауда әскери бөлім сарбазы басқарған Hyundai Tucson көлігі жаяу жүргіншіні қағып, салдарынан әйел адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz.
Қайғылы жағдай 11 қараша күні таңғы сағат 06:30 шамасында Водник-3 ықшамауданында болған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа қатысы бар Hyundai Tucson көлігінің тізгінінде Водник ықшамауданында орналасқан 5546 әскери бөлімнің сарбазы болған. Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады.