Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

МӘМС есебінен жасалатын ең қымбат 10 операция белгілі болды

МӘМС есебінен жасалатын ең қымбат 10 операция белгілі болды
ашық дереккөз

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жасалатын кейбір күрделі оталардың құны 25 млн теңгеге жуықтайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2026 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында жасалған ең қымбат 10 операцияның тізімін жариялады, деп хабарлайды ult.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Құны бойынша бірінші орында өкпе трансплантациясы тұр. Бір науқасқа жасалған мұндай отаның құны 24,8 млн теңге болған. Алайда қор бюджетіне ең көп салмақ түсірген операция – жүрек дефибрилляторларын орнату. Себебі бұл процедурадан өткен науқастар саны көп.

2026 жылдың алғашқы сегіз айындағы ең қымбат 10 операция:

  • Өкпе трансплантациясы – 24,8 млн теңге. Бір операция жасалған.
  • Фетальды дің жасушаларын трансплантациялау – 17,9 млн теңге. 73 жағдай тіркеліп, жалпы құны 1,3 млрд теңге болған.
  • Митральды қақпақшаның саңылауын клиптеу – 17,8 млн теңге. 80 операцияға 1,4 млрд теңге жұмсалған. Бұл – жүрек қақпақшасындағы қанның кері ағуын арнайы металл қыстырғыш арқылы тоқтататын аз инвазивті әдіс.
  • Жүрек трансплантациясы – 11,3 млн теңге. Төрт операция жасалып, жалпы құны 45,1 млн теңгені құраған.
  • Қайтыс болған донордан бауыр трансплантациясы – 10,4 млн теңге. Үш операцияға 31,3 млн теңге жұмсалған.
  • Ауыр эпилепсия кезінде кезбе жүйкені ынталандыру – 10,2 млн теңге. 37 жағдайға 376,5 млн теңге бөлінген. Бұл әдісте науқастың денесіне орнатылған құрылғы миға электр импульстарын жіберіп, ұстама жиілігін азайтады.
  • Тірі донордан бауыр трансплантациясы – 8,8 млн теңге. 23 операцияның жалпы құны 201,6 млн теңге болған.
  • Бивентрикулярлы дефибриллятор имплантациясы – 8,7 млн теңге. 680 операцияға 5,9 млрд теңге жұмсалған. Бұл құрылғы жүрек соғысының дұрыс ырғағын сақтауға көмектеседі.
  • Автоматты кардиовертер-дефибриллятор имплантациясы – 8,7 млн теңге. 1 332 операцияның жалпы құны 11,6 млрд теңгені құраған. Құрылғы жүрек ырғағын бақылап, қауіпті ауытқу кезінде электр импульсын береді.
  • Кардиовертер-дефибриллятордың импульс генераторын ауыстыру – 8,7 млн теңге. 38 жағдай тіркеліп, жалпы құны 330,8 млн теңге болған.

2025 жылы жағдай қалай болды?

2025 жылдың қорытындысы бойынша ең қымбат операциялар рейтингінде фетальды дің жасушаларын трансплантациялау бірінші орында тұрған. Бір операцияның орташа құны 18,3 млн теңге болған. Жалпы 132 операция жасалып, оған 2,4 млрд теңге жұмсалған.

Екінші орында митральды қақпақшаның саңылауын клиптеу тұр. 54 операцияның әрқайсысы орта есеппен 17,3 млн теңгеге бағаланған. Ал үздік үштікті жүрек трансплантациясы түйіндеген. Оның біреуінің құны 11,2 млн теңге болған.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, жоғары технологиялық медициналық қызметтерден бөлек, қор қаражатының басым бөлігі стационарлық емдеуге, консультациялық-диагностикалық көмекке және ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуге жұмсалады.