Ішкі істер министрлігі автокөліктерге қатысты ірі алаяқтық схеманың жолын кесті. Күдіктілер жалған адамдардың атына банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие рәсімдеп, көліктерді кепілге қойған. Кейін оларды шетелге шығарып, қайта сатқан, деп хабарлайды ult.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, осы схема арқылы Қазақстаннан 56 автокөлік әкетілген.
Қылмыстық топты құрықтау үшін полиция еліміздің 10 өңірінде бір мезгілде жедел іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде 48 адам ұсталды. Олардың алтауы қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір шетелге шығарылған көліктер іздестіріліп, қылмыстық схеманың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу ІІМ бақылауында.