Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Анасының мәйіті жанында бір тәулік қалған сәби: сотта әкесі әйелін кінәлады

Анасының мәйіті жанында бір тәулік қалған сәби: сотта әкесі әйелін кінәлады
ашық дереккөз

Атырауда азаматтық некедегі жұбайын өлтірді деп айыпталған Ерсінбек Жұмағалиевтің соты жалғасып жатыр. Ол жасаған ісіне өкінетінін айтқанымен, қылмысқа әйелінің өзі себеп болғанын алға тартты. Ал марқұмның туыстары айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етуде, деп хабарлайды ult.kz.

КТК арнасының мәліметінше, қайғылы оқиға биыл 22 шілдеде болған. Тергеу нұсқасы бойынша, ер адам азаматтық некедегі жұбайына пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан кетіп қалған. Артында үш жасар қызы қалған. Сәби бір тәуліктен астам уақыт бойы анасының мәйітінің жанында жалғыз болған.

Сотта сарапшы марқұмның денесіндегі көптеген жарақат туралы баяндады. Ал сотталушы жанжалға ақша, алимент және несие мәселелері себеп болғанын айтып, әйелінің өзіне пышақпен ұмтылғанын мәлімдеді.

Алайда ол судьяның басты сауалына жауап бере алмады. Судья Зарема Хамидуллина үш жасар қызын неге анасының жанында қалдырып кеткенін бірнеше рет сұрады.

Марқұмның анасы сотталушының қызына кінә артып, жауапкершіліктен жалтарып отырғанына наразылығын білдірді.

«Өлген адамға бәрін жауып тұр. "Өлген адам сөйлей алмайды" деп ойлайды ғой. Өзінің басын алып қашып отыр. Ол тіпті баланы да ойлап тұрған жоқ», – деді Қатима Шымырова.

Марқұмның туыстары соттан Ерсінбек Жұмағалиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрап отыр.

Алмагүл Шымырова 37 жаста болған. Ол төрт баланың анасы. Марқұм мен сотталушы алты жыл азаматтық некеде тұрған.