Жасанды интеллектіні пайдаланған алаяқтар Алматы тұрғынының фотосы арқылы жалған бейне жасап, оның атына төрт виртуалды есепшот ашқан. Нәтижесінде әйелге 35 миллион теңге несие рәсімделген, деп хабарлайды ult.kz.
31-арнаның «Информбюро» бағдарламасының мәліметінше, Зухра Валиева алаяқтықтың құрбаны болғанын күтпеген жерден білген. Алдымен оған белгісіз әйел хабарласып, өзі тапсырыс берген жиһазды ала алмағанын айтқан. Кейін мән-жайды анықтағанда, өзінің атынан несие рәсімделгенін білген.
«Мұның бәрін менің фотом арқылы жасаған. Банктің қауіпсіздік талаптары қайда? Мұндай жағдайға қалай жол берілген?» – дейді жәбірленуші.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, банктердің мобильді қосымшаларында биометриялық сәйкестендіруден бөлек, екі факторлы тексеру талап етіледі. Сондай-ақ қаржы ұйымдары күмәнді операцияларды анықтап, уақытша тоқтататын антифрод-жүйелерді қолдануға міндетті.
Мамандар азаматтарға күмәнді операция байқалған жағдайда банкке дереу хабарласып, шоттарын бұғаттауды және полицияға арыздануды ұсынады.
Ал Зухра Валиева полиция мен прокуратураға шағым түсіріп, атына заңсыз рәсімделген несиелердің күшін жоюға тырысып жатыр. Қазір іс бойынша тергеу жүргізілуде.