Әнші Мақпал Жүнісованың анасы 90 жасқа толды. Өнер иесінің отбасы мерейтойды ағайын-туыстың ортасында шағын дастарқан басында атап өткен, деп хабарлайды ult.kz.
Әншінің айтуынша, анасы балаларына үлкен той жасап, шығындалмауды тапсырған. Сол себепті отбасы мерейтойға бір ай қалғанда бастапқы жоспарынан бас тартқан.
“Анамыздан қорыққаннан бәрін қалдырдық бір ай қалғанда”, – деді Мақпал Жүнісова.
Туған күнде түсірілген бейнежазбалардың бірі желіде тарап, көпшіліктің көңілін көтерді. Кадрда әншінің бауыры анасының жанында билеп, оған еркелеп жүр. Оның қылығы дастарқан басындағы жақындарын да күлкіге қарық қылған.
Бұған дейін Мақпал Жүнісова әлеуметтік желіде анасына ақ тілегін арнап, орталарына аман-есен жүргеніне шүкіршілік еткен еді.
“15 қараша — біздің анамыздың туған күні. Арамызда болғаныңызға Аллаға мың шүкірлер! Ғасыр тойыңызды көрсек, арман жоқ. Алла қолдасын, анашым!” – деп жазған әнші.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова — қазақ эстрадасының танымал әншісі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Теректі ауылында дүниеге келген.

Кәсіби өнер жолын 1981 жылы республикалық “Гүлдер” ән-би ансамблінде бастаған. Осы ұжымда тоғыз жылға жуық еңбек етіп, елімізде және шетелдерде концерт берген. Қуатты даусы мен әнді сезімге толы орындау мәнері арқылы тыңдарман ықыласына бөленген.

Репертуарында халық әндерімен қатар туған жер, ана, махаббат пен сағыныш туралы туындылар бар. Оның орындауындағы “Аққу сазы”, “Армандастар”, “Ғашық жүрек”, “Еркетайым”, “Жан ана”, “Мәңгілік сағыныш” секілді әндер көпшілікке таныс.
1994 жылы “Қазақстанның халық әртісі” атағын иеленіп, 1999 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған.