Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева келін түскеннен кейін отбасындағы қарым-қатынастың қалай өзгеретінін айтып, өз шаңырағында ұстанатын тәртібімен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі бұл туралы журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында әңгімеледі. Оның айтуынша, келін түскенде тек жас келіннің ғана емес, ата-ененің де жүріс-тұрысы өзгереді. Үлкендер бұрынғы кейбір әдеттерін қойып, сөздері мен әрекеттеріне мұқият бола бастайды.
"Келін үйге сені тәрбиелеу үшін келеді. Ата-енені тәрбиелеу. Мысалы, шорты киіп жүретін аталар шалбар киіп шығады. Майкамен шықпайды", – деді әнші.
Айгүл Иманбаева келіннің келуі үйдегі үлкендердің өздерін ұстауына да әсер ететінін айтты. Мәселен, бұрын балаларының көзінше күйеуіне ренішін ашық білдіретін әйел келіннің алдында сабыр сақтап, кейбір ойын сөзбен емес, көзқарасымен жеткізуге тырысады.
Сұхбат барысында әнші өз отбасындағы тағы бір қағиданы сөз етті. Ол ұлы есейген сайын оның жеке кеңістігіне құрметпен қарай бастағанын жеткізді. Ал ұлы шаңырақ көтергеннен кейін жас жұбайлардың бөлмесіне мүлде кірмейтін болған. Актрисаның пікірінше, бір үйде тұрғанымен, әр адамның өзіне тиесілі кеңістігі болуы керек. Сондықтан ол келіні мен ұлының жеке өміріне араласпай, олардың еркіндігін сыйлауды жөн көреді.
Айгүл Иманбаева осындай сыйластық пен түсіністік отбасындағы татулықты сақтауға көмектеседі деп есептейді.