Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

«Шағанобадағы» обаларға зақым келуі мүмкін: полиция тексеруге кірісті

«Шағанобадағы» обаларға зақым келуі мүмкін: полиция тексеруге кірісті
zhaikpress.kz

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешенінде көне обаларға зақым келтірілуі мүмкін. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа байланысты өңір әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды ult.kz.

Әкімдік мәліметінше, 13 қарашада полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, кешен аумағындағы қазылған шұңқырлардың SRS ЖШС-не тиесілі техникамен көмілгенін анықтаған. Оқиғаға қатысы бар азаматтардың кім екені анықталып, материалдар полицияда тіркелген.

Сол күні археологтар, тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары, әкімдік пен полиция өкілдері аумақты тексерген. Жер қазу іздері фото және бейнетаспаға түсіріліп, тиісті акт жасалған.

Алайда қар жамылғысына байланысты көне обалардың нақты жағдайы мен келтірілген залал көлемін әзірге анықтау мүмкін болмаған. Сондықтан 2027 жылдың көктемінде қайта тексеру жүргізіліп, қажет болса, авариялық-құтқару археологиялық жұмыстары ұйымдастырылады.

Әкімдік тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырған. Заң бұзушылық анықталған жағдайда кінәлілер жауапқа тартылмақ. Қазір тарихи ескерткіштерге бақылау күшейтілген.

Сонымен қатар облыс әкімдігі көне қорғандардың тарихи келбетін сақтай отырып, аумақта ашық аспан астындағы музей кешенін құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл бастама әзірге келісу сатысында.

Әкімдік өкілдері тарихи мұраға қол сұғуға жол берілмейтінін және жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.