Көлік министрлігі балалар коляскасымен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынғаны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды. Қолданыстағы қағидалар ата-аналардың балаларымен бірге автобусқа мінуіне шектеу қоймайды, деп хабарлайды ult.kz.
Министрліктің түсіндіруінше, Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, автобус салоны шамадан тыс толған жағдайда, ата-анаға арналған бос орын болса, балалар коляскасын жинап алып жүру көзделген.
Бұл ретте коляска өзге жолаушылардың еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі керек. Талаптың негізгі мақсаты – балалар мен оларды алып жүретін ата-аналардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және автобус салонындағы өту жолын бос ұстау.
Алайда ата-анаға колясканы жинау қолайсыз болса, сапарын оны жайылған күйінде жалғастыра алады.
Министрлік бұл талапты орындамағаны үшін айыппұл салу, жолаушыны автобустан түсіру немесе өзге де санкциялар қарастырылмағанын атап өтті.