Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Бір тәулік бойы көлікте қамалып қалған: 86 жастағы қарияны полицейлер іздеп тапты

Бір тәулік бойы көлікте қамалып қалған: 86 жастағы қарияны полицейлер іздеп тапты
polisia.kz

Ақмола облысында 86 жастағы зейнеткерді полиция қызметкерлері іздеп тауып, отбасына аман-есен тапсырды. Жалғыз тұратын қария ВАЗ-2107 көлігімен жолға шығып, жол-көлік оқиғасына тап болған. Алайда бұл туралы ешкімге хабарлай алмаған, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға Сандықтау ауданына қарасты Шаңтөбе кентінде болған. Жеке көлігімен жолға шыққан зейнеткердің ВАЗ-2107 автокөлігі жол бойындағы орға түсіп кеткен. Қария көліктен өздігінен шыға алмай, көмек шақыруға да мүмкіндігі болмаған.

Ер адам келесі күні де үйіне оралмаған әрі туыстарымен байланысқа шықпаған. Осыған алаңдаған жақындары полицияға хабарласып, зейнеткерді іздеуге көмек сұраған.

Іздестіру жұмыстарына кіріскен тәртіп сақшылары алдымен бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап, қарияның ықтимал қозғалыс бағытын анықтаған. Соның нәтижесінде көп ұзамай жолдан шығып кеткен көлік табылды. Зейнеткер сол сәтте әлі де автокөліктің ішінде отырған.

Полиция қызметкерлері қарияны туыстарына аман-есен жеткізіп қана қоймай, көлігін де ордан шығаруға көмектескен.

Зейнеткердің немересі жедел әрекет еткен полицейлерге ризашылығын білдіріп, қиын сәтте көрсеткен көмегі үшін алғыс айтқан.