Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Өнер мен достық тоғыстырған екі ел: Қазақстан мен Қытай мәдениет жылын қорытындылады

Өнер мен достық тоғыстырған екі ел: Қазақстан мен Қытай мәдениет жылын қорытындылады
ult.kz

9 қарашада Астана қаласында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрында Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан мен Қытай халқының тарихи байланысы сонау Ұлы Жібек жолынан бері жалғасып келе жатыр. Екі елдің өзара байланысы сауда-саттықтың дамуына, мәдениеттердің өзара ықпалдасуына, білім мен ғылым жетістіктерінің алмасуына зор мүмкіндіктер ашты.

Бұл туралы айтқан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың сөзінше қазіргі кезде екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, жан-жақты стратегиялық әріптестік бағытында дамып келеді.

Фото: ult.kz

«Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен төраға Си Цзиньпиннің достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасы арқасында екіжақты ынтымақтастық мүлдем жаңа мазмұнға ие болды. Биылғы мәдениеттер тоғыспалы жылы аясында халықтарымыз бір-бірінің мәдениетіне, дәстүрі мен тарихына қызығушылығы арта түсті. Мәдени ынтымақтастығымыздың мазмұны байып, көптеген біріккен жобалар жүзеге асырылуда. Тоғыспалы жыл аясында Қазақстан мен Қытайдың шығармашылық ұжымдары, өнер майталмандары мен мәдениет өкілдерінің қатысуымен 40-қа жуық үлкенді-кішілі іс-шара ұйымдастырылды», - деді Арман Қырықбаев.

Атап айтқанда, Ханжоу қаласындағы Чжэцзян провинциясының музейінде Қазақстанның Ұлттық музейінің «Ұлы дала көшпенділерінің мәдениеті» атты көрмесі ашылды. Ал қазан айында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде Шанхай өнер коллекциясы музейімен біріккен «Жібек жолының шексіз бұлттары: бір белдеу, бір жол» Алматы бекеті» атты халықаралық үлкен көрме өтті. Шілде-қыркүйек айларының аралығында Бейжің қаласында ұлттық домбра күніне, Абай күніне және Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған бірқатар шаралар мен форумдар, фестивальдар ұйымдастырылды. Өткен жылы ашылған Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығы бүгінде аса үлкен маңызды алаңға айналды. Осы жылдың наурыз айында Қытайда екі елдің белгілі өнер шеберлерінің қатысуымен мәдениет жылының ашылуына арналған салтанатты гала-концерт жоғары деңгейде өткен. Енді жыл соңына дейін Астанада Қытайдың мәдени орталығының ашылуы болады.

Өз сөзінде Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань мырза гуманитарлық алмасу – Қытай мен Қазақстанның жылы әрі берік байланысын қамтамасыз ететін мықты көпір екенін жеткізді. Оның сөзінше екі ел халқының жүрегі әрқашан бір-біріне жақын.

Фото: ult.kz

«Екі ел басшыларының стратегиялық басқаруымен 2026 жылғы Қытай-Қазақстан мәдени алмасу жылы сәтті өтіп жатыр. Бір жыл ішінде екі елдің гуманитарлық алмасу шаралары өте қызықты болды: көркемөнер қойылымдары, көрмелер, киноапталықтар, бірлескен академиялық конференциялар мен өнер жайлы диалогтар ұйымдастырылды. Бұл екі ел арасындағы достықты одан әрі нығайтып, Қытай мен Қазақстанның мәдени ынтымақтастығын тереңдетті», -деп отыр Қытайдың Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі.

Концерттік шарада екі ел әртістері өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты. Қазақстандық және қытайлық әншілер бірігіп екі елдің танымал әндерін қазақ және қытай тілдерінде орындады. Домбырашылар күмбірлетіп күй шертсе, мың бұралған бишілер сахнаның сәнін келтірді.

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz

Концерттік шарада қытайлық композитор Сянь Синхай мен қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовтың достығына арналған сахналық қойылым кештің басты шарасы болды. Бұл қойылымның осы шарада көрсетілуінің де маңызы зор. Себебі қос ел композиторларының аңызға айналған достығы Қазақстан мен Қытайдың жылы қарым қатынасының символы іспеттес.

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz

1941 жылы қытайлық композитор Алматыға келген еді. Сол бір қиын-қыстау заманда қазақтың атақты композиторы Бақытжан Байқадамов пен оның отбасы өте қонақжайлық танытып, оған қол ұшын созады. Азық-түлік тапшы соғыс жылдарында олар Сянь Синхайға өздерінде бармен бөлісіп, кең пейіл мен адамгершілік танытқан.

Сянь Синхай қазақ жерінде тұрып, қазақ ұлттық музыкасынан шабыт алып, «Амангелді» күйін және «Ұлттық азаттық», «Қасиетті соғыс» сынды басқа да классикалық шығармаларын жазды. Бұл шығармалар фашизмге қарсы күрестің, бейбітшілік пен достықтың символына айналды.

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz

Сондай-ақ айта кету керек, шара өткен Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрының кең холында Сянь Синхай мен Бақытжан Байқадамовқа арналған көрме өтті.

«Осы шара аясында ұсынылып, қойылып отырған фото-көрме екі елдің тарихи сабақтастығын жаңғыртып, өнердің адамзатқа ортақ екенін тағы да бір паш етеді», - деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Айта кетейік, салтанатты шара Қазақстандағы Қытайдың мәдениет күндері аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінің мұрындық болуымен өткізіліп отыр.