Астанада «Сәлем, Қытай!» жобасы шеңберінде Қытайдың байырғы да заманауи шаһарларының бірі — Нинбо қаласының мәдени және туристік әлеуетін таныстыруға арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Іс-шараның ашылуында сөз алған Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань мырза соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мәдени-гуманитарлық және туристік алмасулар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жарқын бағыттарының біріне айналып, азаматтардың өзара сапарларын жандандыруда маңызды рөл атқарып отыр.

Фото: ult.kz
«Нинбо қаласының туристік және мәдени әлеуетін таныстыруға арналған іс-шараға қатысушылардың барлығына қуана сәлем жолдаймын. Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі атынан осы іс-шараның өтуімен шын жүректен құттықтап, алыстан арнайы келген Нинбо қаласының делегациясына зор алғысымды білдіремін. Қытай мен Қазақстан – стратегиялық серіктестер. Ортақ шекарамыз бен мәдени дәстүрлеріміздің жақындығы халықтарымыз арасындағы терең достық байланыстардың қалыптасуына негіз болды», – деді Чэн Кэфань.
Жиын аясында қонақтар Нинбоның мыңжылдық тарихымен, бірегей табиғатымен және туристік мүмкіндіктерімен танысты.
Таныстырылым барысында Нинбо қаласының Шығыс мұхиты жағалауында орналасқан, Қытайдың теңіз Жібек жолы басталған тарихи да маңызды портты шаһар екендігі атап өтілді. Солтүстік ендіктің 30-шы градусында орналасқан бұл мекен — Цзяннан өзен-көлдерінің нәзіктігі мен мұхиттың кеңдігін қатар тоғыстырған бірегей аймақ. Бүгінгі таңда Нинбо-Чжоушань порты дүниежүзі бойынша 300-ден астам теңіз бағытымен байланысып, жүк айналымы жағынан 17 жыл бойы әлемде көш бастап келеді.

Фото: ult.kz
«Саяхатшылар үшін Нинбо — ғажайып әсер сыйлайтын таптырмас мекен», – деп атап өтілді таныстырылымда.
Табиғат пен демалыс: Сяньшань жағалауында жұлдызды аспан астында толқын даусын тыңдап демалуға, ал Таң дәуірінің ақындары жырға қосқан Сымин тауының баурайында табиғат пен поэзияның үйлесімін сезінуге болады.
Мыңжылдық мәдениет: Қаланың 10 000 жылдық мәдени, 2 500 жылдық порттық және 1 200 жылдық қалалық тарихы бар. Мұнда Азиядағы ең көне жеке меншік кітапханалардың бірі — Тяньи кітапханасы мен 7 000 жылдық Тяньлоушань мәдениетінің іздері сақталған.
Ғажайып дәм мен демалыс: Шаһар қонақтары 500-ден астам теңіз тағамдарының дәмін татып, дәстүрлі Нинбо күріш шарларынан ауыз тие алады. Сонымен қатар, саяхатшылар үшін заманауи қонақ үйлер, таулы шипажайлар, мұражайлар, тауға шығу және автожарыс сияқты белсенді демалыс түрлері ұсынылады.
Қазақстандық саяхатшылар мен халықаралық қонақтар үшін Нинбода арнайы туристік бағыттар әзірленген. Оның үстіне Нинбо — шетелдік саяхатшылар үшін 240 сағаттық транзиттік визасыз режим қолданылатын қалалардың бірі.

Фото: ult.kz
Астанадағы Қытай мәдени орталығының директоры Ван Цинпин мырза да екі ел арасындағы мәдени байланыстың маңыздылығына тоқталып өтті:
«Нинбо – бұл көрікті де көне қала. Мұнда ұзақ жылдар бойы қалыптасқан мәдениет пен тарихтың іздері бар. Гонконг, Шанхай сияқты жерлер оның әлемге ашылуына мүмкіндік берді. Қаланың табиғаты мен әсем таулары, таза ауасы, ауылдық өмірі – мұның бәрі Нинбоның ерекше жергілікті мәдениетін көрсетеді. Бүгін бізге ерекше қонақжай, туристерді құшақ жая қарсы алатын Нинбо қаласын таныстырды. Соңғы жылдары екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстар мен қарым-қатынастар дамып келеді. Көптеген достарымыз саяхат арқылы бір-бірінің мәдениетін танып, өмір салтын түсінгісі келеді. Біздің ортақ мақсатымыз – екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ туристік байланыстарды кеңейту. Бүгінгі іс-шара арқылы достарымыз Нинбо қаласы туралы көбірек біліп, екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға үлес қосады деп сенемін», –деді Ван Цинпин.
Презентацияның шарықтау шегі әсерлі концерттік қойылым болды. Іс-шара қонақтарына арналған мәдени бағдарлама аясында Қытайдан келген кәсіби әртістер би және вокалдық өнерін паш етті. Олар шығыс мәдениетінің өзіндік болмысы мен эстетикасын бейнелейтін әсем хореографиялық қойылымдар ұсынып, ән өнерінен де көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz
Сонымен қатар келушілерге Нинбодан әкелінген кәдесыйлар мен сарқыттар ұсынылды. Қонақтар қытай шайы мен тәттілерінен дәм татып, кәдесыйларды естелікке алды.

Фото: ult.kz
Астанада өткен бұл іс-шара Қазақстан мен Қытай халықтарының өзара жақындасу жолындағы тағы бір маңызды қадамға айналып, туризм, мәдениет және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты.