Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатты. Бұл шешім арнайы қызметті реформалау аясында басшылық құрамды жаңарту қажеттілігімен байланысты, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлыққа қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау кезінде күштік құрылым қызметкерлері жіберген қателіктерді де ескерген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды.
Айбек Смадияровтың мәліметінше, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларына қатысты істердегі жемқорлық сипатына күмән жоқ. Тергеу амалдары кезінде фигуранттардың әрекеттері де мұны растаған.
Сондай-ақ Президент жүргізіліп жатқан тергеу шараларынан әуел бастан хабардар болған. Оның жемқорлыққа қарсы күреске қатысты ұстанымы өзгермегені айтылды.
Бұдан бөлек, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді. Кездесуде полициядағы қызметтік тәртіпті нығайту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыру міндеттері қойылды.
Мемлекет басшысы Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлер құрамындағы тәрбие жұмысын күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК-нің жаңа төрағасы Марат Ирменовке бірқатар тапсырма берді.