Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Ақтөбедегі жұмбақ өлім: жанармай бекеті басшысына қатысты ақпарат тарады

Ақтөбедегі жұмбақ өлім: жанармай бекеті басшысына қатысты ақпарат тарады
ашық дереккөз

Ақтөбе облысында ер адамның өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Әлеуметтік желілерде қаза тапқан азамат жанармай құю бекеттері желісінің директоры болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда оның жеке басы әзірге ресми расталған жоқ, деп хабарлайды ult.kz.

Жергілікті пабликтерде Богослов тасжолында түсірілген бейнежазба жарияланды. Кадрлардан оқиға орнында полиция көліктері мен криминалистердің жұмыс істеп жатқанын көруге болады.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті оқ жарақаты бар ер адамның мәйіті табылғанын растады. Қазір күдіктіні анықтап, ұстауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

«Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жариялауға жатпайды», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары тұрғындарды жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

Бұдан бөлек, жергілікті пабликтерде Орск бағытындағы тасжолдан күдіктінің көлігі табылған болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет те әзірге ресми расталған жоқ.