Абай облысында үш жылдан астам уақыт бұрын жоғалып кеткен ер адамның өліміне қатысты қылмыс ашылды. Кісі өлтірді деген күдікке ілінген азамат кейін басқа қылмысы үшін сотталып, колонияда жазасын өтеп жатқан жерінен анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 2023 жылдың қыркүйегінде басталған. Сол кезде жергілікті тұрғын полицияға хабарласып, жұмыс істеу үшін басқа жаққа кеткен жолдасының хабарсыз кеткенін айтқан. Ер адам отбасымен байланысын кенеттен үзген.
Полиция ауқымды іздестіру жұмыстарын жүргізгенімен, бастапқыда еш нәтиже болмаған. Дегенмен іс жабылмай, жедел қызметкерлер жоғалған азаматтың байланыста болған адамдарын тексеруді жалғастырған.
Тексеру барысында күдік өңір тұрғынына түсті. Оның 2023 жылдың күзінен кейін басқа қылмыс жасап, сотталғаны және жазасын колонияда өтеп жатқаны анықталды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қосымша жедел шаралар нәтижесінде ер адам кісі өлтіргенін мойындап, қылмыстың мән-жайын баяндаған. Сондай-ақ мәйіт жасырылған жерді көрсеткен.
Қазір тергеу аяқталып, айыптау актісімен бірге қылмыстық іс сотқа жолданды. Күдікті енді кісі өлтіру дерегі бойынша да жауап береді.