Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Екі рет ақталып, үшінші сотта жазаланды: Атбасардағы колония қызметкерлеріне үкім шықты

Екі рет ақталып, үшінші сотта жазаланды: Атбасардағы колония қызметкерлеріне үкім шықты
ашық дереккөз

Атбасардағы түзеу мекемесінде жазасын өтеушілерді ұрып-соғу ісі бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) 12 қызметкеріне үкім шықты. Сот олардың әрқайсысына бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Бұған дейін айыпталушылар екі рет ақталғанымен, прокуратураның наразылығынан кейін екі үкімнің де күші жойылған, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл жолы қызметкерлерге ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабының 1-бөлігі, яғни лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану бойынша айып тағылды.

Сот рақымшылық туралы заңды қолданып, сотталғандарды үш жыл бойы құқық қорғау органдарында, мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазым атқару құқығынан айырды. Сондай-ақ олар арнаулы атақтарынан айырылып, пробациялық бақылауға алынды.

Үш сотталушы сот процесі кезінде қамауда болғандықтан, жазасын өтеген болып есептеліп, жазадан босатылды. Қалғандары жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады.

Бұдан бөлек, сот жәбірленушілердің моральдық зиянды өтеу туралы талаптарын ішінара қанағаттандырды. Әр жәбірленушіге 500 мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін өтемақы төлеу туралы шешім шығарылды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 2023 жылы әлеуметтік желіде Атбасар ауданындағы №1 түзеу мекемесі қызметкерлерінің дәретхана тазалаудан бас тартқан жазасын өтеушіні ұрып-соққан видеосы тараған еді. Осы оқиғадан кейін ҚАЖ департаментінің бастығы, оның орынбасары және колония бастығы қызметінен босатылды.

2025 жылғы ақпанда 12 қызметкер алқабилердің шешімімен ақталды. Алайда прокуратура наразылық білдіріп, үкімнің күші жойылды. Кейінгі сот отырысында олар екінші рет ақталғанымен, облыстық сот бұл шешімді де бұзып, істі қайта қарауға жіберді.

2026 жылғы 4 мамырда қылмыстық іс Атбасар аудандық сотына жолданды. Нәтижесінде қызметкерлерге басқа бап бойынша айып тағылып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.