Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қатерлі ісікті ген арқылы анықтау: Қазақстанда жаңа диагностика әдісі енгізілуде

Қатерлі ісікті ген арқылы анықтау: Қазақстанда жаңа диагностика әдісі енгізілуде
ҚР ДСМ

Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың мамандары плацента мен кіндік бауының дің жасушалары негізінде биомедициналық өнім әзірлеуде. Сонымен қатар орталықта онкологиялық ауруларды гендік деңгейде анықтауға мүмкіндік беретін молекулалық-генетикалық диагностика әдістері енгізіліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Жасушалық өнімді әзірлеу жұмыстары 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми бағдарлама аясында жүргізілуде. Ғалымдар дің жасушаларының қабыну процестерін реттеу және тіндерді зақымданудан қорғау қасиеттерін зерттеп жатыр. Сондай-ақ препараттың биологиялық қасиеттерін ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін лиофилизация технологиясы әзірленуде.

Болашақта бұл өнімді қант диабеті, инсульт, жүрек жеткіліксіздігі, аутоиммундық аурулар, бедеулік және жұлын жарақаттарын емдеуде қолдану жоспарланған.

Бұдан бөлек, орталықта ДНҚ-микрочиптер мен жаңа буын секвенирлеу (NGS) технологиялары енгізілуде. ДНҚ-микрочиптер шамамен 1000 генді талдауға мүмкіндік береді. Бұл әдістер онкологиялық аурулар кезінде пайда болатын генетикалық өзгерістерді анықтап, әр науқасқа жеке емдеу тәсілін таңдауға көмектеседі.

Ұлттық ғылыми медициналық орталық мамандары аутоиммундық аурулардың генетикалық және иммунологиялық ерекшеліктерін де зерттеп жатыр. Сонымен қатар семіздік пен Крон ауруын емдеуге арналған жаңа препараттардың халықаралық клиникалық зерттеулеріне қатысуда.

Ғылыми жұмыстардың негізгі мақсаты – отандық медициналық әзірлемелерді клиникалық тәжірибеге енгізу үдерісін жеделдету.