Шығыс Қазақстан облысының орталығында әкесінің қызын ернінен сүйгені түсірілген резонансты видеоға қатысты полиция тексеруді аяқтады. Ер адамның әрекетінен қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық құрамы анықталмаған. Алайда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұндай қарым-қатынас түрін орынсыз деп бағалады, деп хабарлайды ult.kz.
Zakon.kz хабарлауынша, 16 қарашада Құрылтайда өткен брифингте ІІМ Ювеналды полиция басқармасының басшысы Асхат Дүйсембеков тексеру нәтижесін жариялады.
Оның айтуынша, полицияға хабарлама түскеннен кейін жан-жақты тексеру жүргізілген. Нәтижесінде қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық құрамы болмағандықтан, материалдар номенклатуралық іске тіркелген.
Журналистер Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан бұл жағдайға баланың психологиялық саулығы мен жеке шекарасы тұрғысынан баға беруін сұрады.
Министр мұндай қарым-қатынас түріне жол берілмейтінін айтып, балаларға жеке шекарасын қорғауды үйрету маңызды екенін атап өтті.
«Әр бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінуі керек», – деді министр.
Сондай-ақ ол биыл Қазақстанда «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізілгенін еске салды. Оның аясында жетінші сыныптан бастап педагог-психологтар оқушыларға жеке шекараны сақтау мәселелерін түсіндіреді.
Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде әкесінің кәмелетке толмаған қызын туған күнімен құттықтаған видеосы қоғамда талқыланды.